Полторанинге қатысты сот процесі келесі жылға қалды

16 Қараша 2020, 19:19
1579
Бөлісу:
Полторанинге қатысты сот процесі келесі жылға қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Спорттық алаяқтық жасады деп айыпталған қазақстандық шаңғышы Алексей Полтораниннің соты кейінге қалды, деп жазады Prosports.kz.

Delfi.ee сайтының хабарлауынша, тандасымыз 16 қарашада Австрия сотына келуі керек еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты сот отырысы белгісіз мерзімге шегерілді.

Пандемияға байланысты сот жиналысы келесі жылы өтеді, - деді Инсбрук облыстық сотының вице-президенті Андреаc Стуттер.

Полторанинмен бірге бұл іске спорттық алаяқтыққа көмектесті деп айыпталған эстониялық жаттықтырушы, екі дүркін Олимпиада чемпионы Андрус Веэрпалу де қатысады.

Айыптаудың мәні мынада: 2019 жылы 22 ақпанда Зефельдте (Австрия) өткен шаңғыдан әлем чемпионаты кезінде Веэрпалу Алексей Полторанин мен Ансгар Шмидтті (допинг дәрігері Марк Шмидттің әкесі) өзінің қонақ бөлмесіне қан құю үшін жіберген.

Полторанин 2016/17, 2017/18 және 2018/19 жылғы маусымдарда қан допингін қолданды деп айыпталып отыр.

Бұған дейін 8 қазанға жоспарланған Андрус Веэрпалудың ұлы, эстониялық шаңғышы Андреас Веэрпалуға қатысты сот ісі коронавирус пандемиясына байланысты кейінге қалдырылған болатын.

Инсбрук прокуратурасы әкелі-балалы Веэрпалулардан бөлек, допинг дауына қатысы бар тағы бір адам - ​​эстониялық шаңғышы Карел Таммъярвқа спорттық алаяқтық жасады деген айып таққан. Бірақ оған қатысты сот отырысының күні белгіленген жоқ. 

Айта кетейік, Алексей Полторанин допингке қарсы ережені (ADRV) бұзғаны үшін 4 жылға спорттан шеттетілген болатын.

Өзгелердің жаңалығы