Полицейдің өліміне қатысты іс: Жасөспірімдер үйқамаққа алынды

Сот тергеу аяқталғанға дейін күдікті жасөспірімдерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақты таңдады.

 istockphoto.com Бүгiн 2026, 18:13
Бүгiн 2026, 18:13
127
Фото: istockphoto.com

Алматы облысының Кеген аудандық соты полиция қызметкерінің өліміне қатысты іс бойынша ұсталған кәмелетке толмағандарға бұлтартпау шарасын таңдады. Сот шешімімен жасөспірімдер үйқамаққа алынды. Бұл туралы адвокаттар Гаухар Сарыева мен Динара Шәмшекова хабарлады.

Олардың айтуынша, сот тергеу органының өтінішін ішінара қанағаттандырып, кәмелетке толмағандарға қатысты жеңілдеу бұлтартпау шарасын қолданған. Қазіргі уақытта жасөспірімдер үйлерінде отыр.

Сот қаулысына сәйкес, оларға электронды бақылау құралдары – білезіктер тағылып, бейнебақылау жүйесі орнатылуы тиіс.

Сот отырысында қорғаушылар қайғылы оқиғаға дейінгі барлық мән-жайды жан-жақты тексеру қажет екенін де мәлімдеді.

Сот отырысында қорғау тарапы тергеу барысында назардан тыс қалмауы тиіс жайттарға тоқталды. Балалар ұзақ жылдар бойы жүйелі түрде зорлық-зомбылық пен қатыгез қарым-қатынас жағдайында өмір сүрген болуы мүмкін екенін жоққа шығаруға болмайды. Біз мұны анықталған факт ретінде айтып отырған жоқпыз. Сондықтан бұл деректердің барлығы тергеу барысында мұқият тексерілуі қажет, – деді адвокаттар.

Еске салайық, 23 маусым күні Кеген ауданының таулы аймағында жергілікті шопан полиция қызметкерінің күйіп кеткен мәйітін тапқан болатын. Осы іске байланысты марқұмның жұбайы мен кәмелетке толмаған ұлы ұсталды. Кейін тағы бір жасөспірімнің ұсталғаны туралы расталмаған ақпарат тарады.

Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Құқық қорғау органдары полиция қызметкерінің қаза табуына қатысты барлық мән-жайды анықтап жатыр.

Наверх