«Жетісу бөрісі» атанған полицей тағы да топ жарды

5 Шілде 2019, 16:29
2765
Бөлісу:
«Жетісу бөрісі» атанған полицей тағы да топ жарды

СҚО, BAQ.KZ. Петропавл қаласында полицейлер арасында қазақша күрестен өткен «ҚР Ішкі істер министрлігінің чемпионаты» өз мәресіне жетті.

Ел тыныштығын күзеткен сақшылар қазақ күрестен кімнің мықты екенін анықтап, ұлттық спортымыз бен бәсекенің көрігін қыздырды.

Боз кілемде бас қосқан сайдың тасындай тәртіп сақшылары өз облыстарының намысын қорғап, бар білгендерін ортаға салды. Спортты серік еткен полицейлердің тартысы дүйім жұртты тәнті етті.

100 кг дейінгі салмақта Жетісу жерінің намысын қорғаған Александр Косачевқа қарсылас шақ келмей, алтыннан алқа тағынды.

«Бізде әр қызметкердің жалпы физикалық дайындығына, қоян-қолтық ұрыс тәсілдерін меңгеруіне аса назар аударылады. Қызметкерлер арасынан әлем, Азия чемпиондары шықты. Бүгін Александр топ жарды. Қызметтегі міндеттерімен қатар, спортта да жетістікке жетіп жүргені – оның еңбекқорлығын, қағидатшылдығын білдіреді. Қандықол қылмыскерге қарсы келу үшін тәртіп сақшысының бойында қайрат, жүректе намыс, білегінде күш болуы керек»,- деп атап өтті Алматы облысы Полиция департаменті Арнайы және жұмылдыру даярлық басқармасының бастығы полиция полковнигі Аят Мұратбаев.

Іле ауданында кәмілетке толмағандар ісімен айналысатын полиция аға лейтенанты А. Косачев қазақша күрестен Жетісу бөрісі атанса, дзюдо күресінен халықаралық деңгейдегі спорт шебері, Азия чемпионатының қола жүлдегері, әлемдік ареналарда еліміздің туын желбіретін жүрген даңқты спортшы.

«Облыс мәртебесін биікке көтерген балуан мүлтіксіз қызметі мен спорттық жетістігі үшін департамент басшылығының қабылдауында болып, құттықтауларын қабылдады»,- деп атап өтті облыстық полиция өкілдері.

Өзгелердің жаңалығы