Кез келген елдегі ең маңызды және сұранысқа ие мамандықтардың бірі – полиция қызметкері, деп жазады BAQ.KZ тілшісі.
Қауіп пен қатер қатар жүретін жұмысқа полицейлерден қандай дайындық талап етіледі? Осы сияқты сұраққа ҚР ІІМ Арнайы және жұмылдыру дайындығы департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Айдос Әділбеков жауап берді.
- Айдос Зейнолдаұлы, бүгінде полиция қызметкерлерінің кәсіби даярлығы қандай жолға қойылған? Арнайы дайындық іс-шараларына тоқталсаңыз?
- Полиция қызметкері кез келген сәтте қоғам мен мемлекетті құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауға дайын болуы керек. Полицей қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі жедел-қызметтік міндеттерді орындау кезінде жақсы кәсіби қызметтік және дене шынықтыру даярлығына ие болуға тиіс.
ІІО қызметкерлерінің кәсіби қызметтік және дене шынықтыру даярлықтары кәсіби білім мен дағдыларды жетілдіруге бағытталған.
Атыс қаруын және өзге де қаруды, арнайы құралдар мен дене күшін қолдануға байланысты жағдайларда ІІО қызметкерлерінің іс-әрекетке тұрақты дайындығын қолдау, дене қасиеттерін жетілдіру - басты бағыттың бірі.
Сондықтан қызметкерлерді даярлау процесінде басты назар дене шынықтыру, атыс дайындығы деңгейін жетілдіруге және күресудің жауынгерлік әдістерін меңгеруге аударылады.
- Полицейлердің дене шынықтыру сабақтары қалай ұйымдастырылады? Спорт түрлерінің дамуына қандай жағдай жасалған?
- Дене шынықтыру сабақтарында ІІО қызметкерлерінің физикалық қасиеттерін (жылдамдық, күш және жалпы төзімділік) жетілдіруге бағытталған жалпы дене шынықтыру жаттығулары пысықталады.
Күн сайын, аптасына екі рет, сабақ кестесіне сәйкес бір жарым сағат, «Алатау» спорт сарайында таңғы сағат 8:30-дан бастап Арнайы және кәсіптік даярлау қызметкерлері ІІМ орталық аппаратының қызметкерлеріне арнап дене шынықтыру сабақтарын өткізеді. Сабақ барысында денені қыздыру жүргізіледі, арнайы жүгіру және күш жаттығулары пысықталады.
ІІО бөлімшелерінде кәсіптік қызметтік және дене шынықтыру даярлығы бойынша сабақтар өткізудің оқу кезеңі күнтізбелік жылдың қаңтар айынан басталып, желтоқсан айында аяқталады.
Жыл сайын қазан-қараша айлары аралығында Бақылау-тексеру сабақтары өтеді, онда барлық полиция қызметкері атқаратын лауазымдарына қарамастан атыс қаруын, арнайы құралдарды және дене күшін қолдануға байланысты жағдайларда іс-әрекетке жарамдылығына тексеруден өтеді. Яғни қызметкерлер белгіленген бақылау нормативтері мен жаттығуларын орындайды.
- Айдос Зейнолдаұлы, бүгінде полицейлердің дене шынықтыру дайындығынан сынақ тапсыру кезеңі басталып кеткен болар. Физикалық нормативтерді тапсыру кезінде ерекше талаптар бар ма?
- Бүгінде кестеге сәйкес бақылау нормативтері мен жаттығулары жүріп жатыр. Мәселен, алдағы аптада Тергеу департаментінің қызметкерлері тексеруден өтеді.
«Алатау» спорт кешенінде ер адамдар күштің төзімділік деңгейін бағалауға бағытталған кешенді күш жаттығуларын орындады. Қыздар 30 секунд бойы денені арқасымен жатып көтеруді орындады, содан кейін демалмай, жату позициясын қабылдап, 30 секунд бойы еденнен итеруді орындады. Айта кетейік, бұл жаттығулар оңай емес, осыған қарамастан ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері жақсы нәтиже көрсетті.
Арнайы күрес залында жекпе-жек тәсілдері бойынша сабақтарды Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің бас маманы, қоян-қолтық ұрыстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері әділет подполковнигі Әділ Қайырбаев пен оның серіктесі әділет майоры Мұрат Тоқышев жүргізеді.
ІІМ орталық аппаратының қызметкерлеріне күресудің жауынгерлік тәсілдерін көрсетіп, сабақта соққыларды орындау техникасын оқыту, соққылардан қорғау іс-әрекеттері, ауырсыну тәсілдері, ұстамалар мен қоршаулардан босату, атыс қаруымен және өзге де қарумен қауіп төнген кезде іс-қимылдардың жолын кесу, кісендеу, сыртқы тексеру жүргізу тәсілдерін үйретеміз.
- Полицейлердің жауынгерлік деңгейі қандай дәрежеде?
- Жауынгерлік күрес тәсілдері өте маңызды деп санаймын, өйткені кез келген полицей бірінші кезекте өзін қорғауға, екіншіден, азаматтарды құқық бұзушылардан қорғауға дайын болуға тиіс.
Жауынгерлік күрес әдістерін меңгеру дағдылары да жыл сайын бақылау-тексеру сабақтары шеңберінде бағаланады.
Атыс даярлығы бойынша сабақтарды «Алатау» спорт кешенінің ату тирінде өтеді.
Табельдік қаруды шебер, кәсіби меңгеру - ІІО-ның әрбір қызметкерінің қызметтік міндеті.
Сонымен қатар қару қолданатын қызметкер басқалардың ғана емес, сонымен бірге өзінің өмірін де қорғай білуі керек.
Сабақтарды өткізу барысында біз қызметкерлерге қару-жарақ пен оқ-дәрілерді қолданудың құқықтық негіздерін, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді ұқыпсыз ұстауға байланысты болатын қызметкерлердің қаза болуы мен жаралану жағдайларын болдырмау үшін қауіпсіздік шараларын үйретеміз. Атыс қаруы мен оқ-дәрілердің материалдық бөлігі мен тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеп, ату жаттығуларын орындау шарттары мен тәртібін, нормативтерді, практикалық атыс қаруын өңдеу дағдыларын көрсетеміз.
Осыған жыл бойы қызметкерлерді дайындап, ал жыл соңында бақылау атыстарын өткіземіз. Бұл қызметкерлердің дайындық деңгейін айқындайды.
- Айдос Зейнолдаұлы, әңгімеңізге рахмет!