Полигонның зардабын әлі тартып келеміз

23 Қыркүйек 2022, 17:26
1675
Бөлісу:
Полигонның зардабын әлі тартып келеміз

«Семей-Невада» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қасірет мол Семей полигонында әскери міндетін атқарғандар құпия бөлімшеде, денсаулыққа аса қауіпті аймақта жүргенін білмегендерін айтады, деп хабарлайды Ақмола облысындағы BAQ.KZ тілшісі.

Сарбаздар құпия бөлімшеге жіберілді

Кеңес үкіметі тұсында әскерге барып, Отан алдындағы борышты өтеу әр азаматтың арманы, әрі абыройлы міндет болатын. Бір қызығы Семей жеріне Барнауыл арқылы 4-5 күн жүріп жеттік. Кімнің қайда жүргені, немен айналысып жүргені құпия сақталды. Бір бөлмеде, қатар кереуетте жатқан екі жігіт бір-біріне құпиясын ашпады, себебі бөлімшеге кіргенде-ақ ешкімге ештеңені жарияламау жөнінде қолхат берген және бір жылға емес, 25 жылға! Әр солдатқа белгілі бір номер берілді және ол әскери кітапшасына тіркелді. Жарылыстың зардабын тартқандардың түрлері адам шошырлық, көзі алақтап, тынысы тарылып, денесін қотыр басып, есінен танып жататын, – дейді «Семей-Невада» қоғамдық бірлестігінің мүшелері. 

Бірақ олар жарылысқа қажетті заттарды өз қолдарымен дайындап беріп жатқанынан да хабарсыз еді. Біріне радиациядан қорғайтын арнайы киімдер берілсе, енді біріне ол да тимеген. Сарбаздардың денсаулығына келіп жатқан зиянның мөлшерін ешкім де есептеп жатпады. 18-ге енді толған, өмірі әлі алда талай бозбала сол жақтан ауыр дертке шалдығып, бұрын «жарамды» болып келгендер енді «жарамсыз» болып елдеріне қайтарылып жатты. Олардың әскерге жарамай қалу себебі де түсіндірілмеді. Мұның бәрі атом бомбасын жарудың салдары екенін ешкім білген жоқ. Күні кеше ғана сап-сау келген жігіт үйіне тірі өлік қалпында қайтарылды. Ата-анасына оның себеп-салдары түсіндірілмеді. Кей сарбаздар сол бөлімшеде жатып көз жұмды. Оны да көрген жігіттер әлі күнге дейін сол оқиғаларды жүректері қан жылап еске алады.

«Он жылдан кейін ғана үйлен» деді... 

Мұратбек Балғабаев Павлодар облысы, Ертіс ауданы, Сілеті совхозына қарасты Қызылағаш ауылында 1960 жылы дүниеге келген. Мектепті бітіргесін Целиноградқа оқуға келген. Өзі бірнеше мамандықты игеріп алған. Әлектрик, монтаж жасаушы, әрі жол жөндеуші. Ол барған бөлімше - СМ-СК 22 деп аталады. Сарбаздар өздерін стратегиялық жабық қала Курчатовта жүргенін білген де жоқ, себебі оларға ондай ақпарат берілмеді. Тіпті ондай қала картада болған жоқ. 

Жабық гарнизонға алып келгенше бірнеше рет тексерді, түнде жүріп отырып, бес тәуліктен кейін ғана жабық қалаға жеткізді. Көкшетаудан 97 адам бардық, 10-ымызды бөлек алып кетті. Әскери форма беріп, орналастырғаннан кейін тапсырмалар беріле бастады. Көбінесе қараңғыда жұмыс істедік. Күндіз ұйықтатып,  тынықтырып алады. Түнде оятып алып, электр сымдарын жалғатады немесе шахтаға түсіреді. Оны не үшін жасап жатқандарын ешкім айтпайды, бәрі құпия. Қанша тынықтырып жатса да өзімді үнемі шаршаңқы сезінетінмін, асқазаным ауырып, денеме түрлі бөртпелер шығып, мазамды алды. Бірде тереңдігі 5 қабат үйдің биіктігіндей ұңғыма-воронканы көріп қатты таң қалдық. Оның атом бомбасы  сыналған жер екенін білмедік, – дейді ол.

Ал одан тарап жатқан радиацияның мөлшері  қандай болғанын және қорғаныш костюмісіз жүрген сарбаздарға қаншалықты әсер еткенін көп жылдан кейін ғана зардабын тартқанда түсінді. 

Екі жыл әскери борышын өтегендерге қолдарына бас қолбасшының бұйрығы беріледі. Бірақ Мұратбекке үйге қайтуға бірден мүмкіндік болған жоқ. Себебі кезекті тапсырманы орындауға барғанда қатты жарылыс болып, соның салдарынан ес-түзсіз госпитальға түседі. 

Қатты сәуленің жарқ еткенін білемін, әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Он күн есімді жинай алмай жаттым. Көзімді ашқанда бет-аузымды, денемді бір от шарпып қарып өткенін көрдім. Қасым мүлдем жоқ, тақырланып қалған, денемде де түк қалмаған. Түрім адам шошырлық еді, – деп еске алады сарбаз. 

Құпия бөлімшені тастап шығарда Мұратбекке офицерлер «он жылға дейін үйленбе» деген кеңес береді. Бірақ неге деген сұраққа ешкім жауап бермеген. Радиацияның салдарынан қандай өзгерістер болатыны құпия күйінде қалды. 

Мұратбек Балғабаев осыдан екі жыл бұрын Ақмола облысы бойынша «Семей-Невада» қоғамдық бірлестігін құрып, полигонның зардабын әлі тартып келе жатқандардың басын қосуға кірісті. Бүгінгі күні оның құрамында 84 адам бар. Барлығы Семей полигон аумағында әскери борышын өтегендер. Барлығы дерлік мүгедек. Солардың жәрдемақыларын уақытында алуын, коммуналдық төлемдерге жеңілдіктер алуын, жол жүру ақысының тегін болуын, баспана мәселесін шешу жолында тынбай еңбектеніп келеді. 

Бізге тиесілі жеңілдіктерге қолымыз жетпеді

Байтас Жүнісов бұрынғы Көкшетау облысы Рузай ауданы Сарыбұлақ ауылында 1956 жылы  дүниеге келген. Әскери борышын 1974-76 жылдары атқарды. Көкшетау әскери комиссариатынан алынған оны Отарға оқуға жіберді. Ауызекі тілде химиктер деп аталатын ол жерде сарбаздарға химиялық қоспалар, қондырғылар, аспаптармен жұмыс істеуді үйретті. Яғни полигон аумағын залалсыздандырумен айналысатындарды дайындады. Байтас та өзінің Семейдегі сынақ аумағында әскери борышын өтейтінін білген жоқ. Бұлар «Балапан-2» деген жердегі әскери гарнизонда тұрды. 

Солдаттар айналасы сыммен қоршалған жерде противогаз киіп, үстеріне арнайы қорғаныш костюмімен бір сағат жұмыс істейтін. Сол маңда өліп жатқан малдың өлекселерін жинайды. Олар неден өлді ешкім ашып айтпайды. 9 қабатты үйдің биіктігіндей терең воронка ұңғыманың маңайын жинау да біздің міндетімізге кірді. БТР-мен сол маңда жұмыс істедік. Жігіттердің көпшілігі противогазбен дем ала алмай, ауа кіретін жерін ашып жіберіп, радиацияны көп мөлшерде жұтып қойып, кейін шаштары ағарып,  ауруға шалдығып, үйлеріне қайтарылды. Ата-анасына жазылған хаттар да үнемі тексерілетін, елден келген хаттар да цензурадан өтетін. Себебі құпияны ашуға болмайды, бөлімшеде болып жатқан жағдайларды жариялауға тыйым салынды, – дейді Байтас Жүнісов. 

Елге келгеннен кейін ол ішкі істер органдарында 22 жыл қызмет істеді. Денсаулығындағы кінәратқа байланысты қызметтен ерте зейнетке шыққан. Полигонның зардабынан аяқ қолы сырқырап ауырғанда жанын қоярға жер таппайтынын айтады. 

Бүгінгі күні Мұратбек досыммен бірге полигондағы сынақ зардабын тартқандарға көмек қолын созып келеміз. Бар мақсат - оларға тиесілі жеңілдіктерге қол жеткізу, құжаттарын реттеп беру, шипажайларда тегін дем алуына және жыл сайын бөлінетін бірреттік төлемдерді қайтару сияқты мәселелер. Осы кезге дейін Полигонда әскери борышын өтеген сарбаздар жайлы еш мәлімет болған жоқ. Олар қарапайым тұрғындар қатарында жүрді. Көп құжаттар құпия күйінде ашылмай жатыр. Құжат жинаудың да әуре-сарсаңы көп, – дейді Байтас Жүнісов.

 «Семей-Невада» қоғамдық бірлестігінің жетекшілері енді өздерін Ұлы Отан соғысына қатысқандарға теңестіріп, мемлекеттен заң бойынша тиісті көмекті алу жолында тынбай еңбектеніп келеді және оның нәтижесіз болмайтынына сенеді. 

Бұл «армия ауруы» деген диагноз қойды 

Полигон аумағында әскери борышын өтегендердің бірі – Қайыржан Аманбаев. 1964 жылы Уәлихан ауданы, «Золотая Нива» совхозының Қазанқап атты бөлімшесінде дүниеге келген. 18 жастағы бозбала 1982-1984 жылдар аралығында Семей жерінде әскери борышын өтеді. Әуелі 14 күндей жаттығудан өтіп, екі жыл бойы жүкті артып-түсіруші (әскери тілде «стропальщик») болып міндетін атқарды. Әскери кітапшасында 662182 Т деген нөмір соғылған. 

Сарбаздар сынақ болатын аумаққа қажетті заттарды кірпіш, ағаш, бетон, контейнерлерді кранға артып беріп жіберетін. Бірақ ол не қылған жарылыс екенін білмейтін. Тек солдаттардың бәрін «дабыл» дауысымен плацқа тұрғызып қоятын және қатты дүмпуден жер сілкінген сияқты қозғалыстар жүретін, тіпті әйнектер сынып жататын. Бірнеше жүз шақырым жерде жарылыс болып жатса дүмпуі әскери бөлімшеге дейін сезілетін, – деп еске алады Қайыржан Аманбаев. 

Сарбаздардың бойында өзгерістер байқалған. Кейін бел ауруы және аяқ-қолдың сырқырауы пайда болған. Полигонның зардабы үйге келгеннен кейін жасы қырықтан аса біліне бастаған. Өзіне тиесілі жеңілдіктерге де қолы жетпеген, өйткені жұбайы қатты ауырып, үш баласы кішкентай болғандықтан, үйден шыға алмаған.

Асқазандағы обыр ісігіне ота жасалды. Бірнеше рет химиятерапиядан өттім. Теміржолда 18 жыл жұмыс істеп, қазір денсаулығыма байланысты үйдемін. Жұбайым да ауыр науқасқа шалдыққан, екеуіміз де 2-ші топтағы мүгедекпіз. Алатынымыз айына 45 мың теңге және әйеліме берілетін 80 мың теңге. Мұндай қаржыға күнелту оңай емес. Сондықтан жергілікті әкімшілік тарапынан отын-көмір, коммуналдық салаға байланысты көмек берілсе. Дәрігерлер Семей полигонында зардап шеккендерге бір ғана «армия ауруы»  деген диагноз қояды және оны толық емдеу мүмкін емес деген қорытынды шығарады. Басқа жауап жоқ, – дейді Қайыржан Аманбаев.

Мүгедектерді күту оңай емес 

Манар Үсенова – Семей полигонында зардап шегіп, мүгедек болған Мағзұм Үсеновтің жұбайы. Екеуі 1985 жылы шаңырақ көтерген. 37 жыл бірге тұрады. Дүниеге келген тұңғыштары Талғат туабітті сал ауруымен ауырады. Қазір жасы 36-да. Өздігінен жүріп-тұра алмайды. Отағасы осымен төртінші рет жүрек талмасына ұшыраған, оған ауыр көтеруге болмайды. 

Ұлымызға тек 17 жаста ғана дәрігерлер 1-ші топтағы мүгедектікті тағайындады. Мүгедектігіне байланысты ұлымызға 71 мың теңге, жұбайым 65 мың теңге жәрдемақы алып отырмыз. Семей полигонында зардап шекті деген құжаты әлі дұрыс рәсімделмеген, сондықтан ол тараптан жеңілдіктер қарастырылмаған. Денсаулығында ақауы бар жандарды күту оңай емес, – дейді Манар Үсенова.

Баспанаға қолы жетпей, жалдамалы пәтерде тұратындар өте көп, өмірдің тауқыметіне төзе алмай ішімдікке салынып кеткен жігіттер де жетерлік екенін алға тартты «Семей-Невада» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұратбек Балғабаев.

Ең бастысы, сең қозғалды, полигон зардабын тартқандарға аз да болса билік мойнын бұра бастады. Қазір Қазақстан бойынша шипажайларда тегін емделуге, Ақмола облысы бойынша қоғамдық көліктерде тегін жүруге, жыл сайын тамыздың аяғында бір реттік жәрдемақы алуға қол жеткізілді. Ол да көңілге демеу, – деп түйіндеді ол.

Өзгелердің жаңалығы