Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Энергетика министрлігі әзірленіп жатқан жаңа Экологиялық кодекстің аясында Қазақстан аумағында бөлшек саудада полиэтилен пакеттерін (сыйымдылығы шағын) сатуға кезең-кезеңімен тыйым салу мәселесін қарастырады.
Полиэтилен пакеттерінің қоршаған ортаға тигізетін зияны туралы бірнеше дерекке көз салсақ:
1. Пластикалық пакеттер жаңартылмайтын энергия көздерінен жасалады. Сондай-ақ, климаттың өзгеруіне үлес қосады. Пластикалық пакеттердің көпшілігі полипропиленнен, қайта жаңартылмайтын ресурстар болып табылатын мұнай мен табиғи газдан жасалған материалдан өндіріледі. Ал оларды өндіру кезінде атмосфераға климаттың жаһандық өзгеруіне ықпал ететін зиянды химиялық заттар бөлінеді. Оның толық ыдырауы үшін ұзақ уақыт (100 жылдан астам) қажет.2. Пластикалық пакеттер адам денсаулығына зиянды. Пластикалық фрагменттер ПХБ (полихлорланған бифенилдер) және ПАУ (полициклді хош иісті көмірсутектер) сияқты зиянды заттарды жинақтайды. Олар тамақ тізбегінде адам ағзасына еніп, адамға зиян келтіреді.
3. Пластикалық пакеттер қоршаған ортаны ластайды. Олар жеңіл, пластикалық пакеттер желмен және сумен үлкен қашықтыққа жылжуы мүмкін, осылайша қаланы және су объектілерінің жағалау аймақтарын ластайды.
Аталған бастаманың қажеттілігі, ең алдымен, полиэтилен пакеттері қоршаған ортаға және адам денсаулығына елеулі зиян келтірумен байланысты.
Қазақстанда полиэтилен пакеттерін (шағын сыйымдылықты) сатуға кезең-кезеңмен тыйым салу мәселесін шешу бірнеше кезеңнен тұрады.
Атап айтсақ, бірінші кезеңде полиэтилен пакеттерін тегін сатуға тыйым салынады. Осы кезеңде тұрғындар арасында полиэтилен пакеттерінің қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына зияны туралы кеңінен үгіт жүргізу қажет. Сондай-ақ, баламалы экологиялық қаптаманың өндірісін ынталандыру мәселесі шешілуі тиіс.
Ал екінші кезеңде оларды ел аумағында сатуға толық тыйым салу қолға алынады.
Полиэтилен пакеттерін қолданудағы бұл шектеу мәселені жан-жақты және егжей-тегжейлі пысықтағаннан кейін енгізіледі.