Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін 23 маусым – қазақ полицейлерінің кәсіби мерекесі. Жалпы өмірде кім қай салаға бейім, сол мамандықты таңдайтыны сөзсіз. Тіпті кейде бір әулеттен бірнеше адам бірдей мамандықты таңдап жатады. Бұған әрине өз ісіне берілген, өз міндетін сүйіп атқаратын, жауапкершілікпен қарайтын әу бастағы адам себепкер болады. Соны көріп өскен өзгелері де сол сияқты болуға ұмтылады.
Түркістан өңірінде полиция әулеті көптеп кездеседі. Сондай отбасылардың бірі – Абдраимовтар. Бауыржан Абдраимов және оның қос ұлы Артық пен Абзал да әке жолын қуып, тәртіп сақшысы болуды қалаған азаматтар.
Бәйдібек ауданы, Алғабас ауданы Жарықбас елді мекенінде дүниеге келген Бауыржан Абдраимов жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң, еңбек жолын 1982 жылы ҚР ІІМ Күзет мемлекеттік мекемесінің бөлімінен бастайды. Мұнда 2007 жылға дейін қызмет етіп, полиция старшинасы шенінде зейнеткерлік демалысқа шығады. Ғұмырының 25 жылын ішкі істер саласының жұмысы жақсы болуына арнайды. Бүгінде зейнеткер старшина Бәйдібек АПБ Ардагерлер кеңесінің мүшесі. Зейнеткерлікке шығып кетсе де, үнемі қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, жас мамандарға жол көрсетіп, ақылын айтып, тәжірибесімен бөлісіп отырады.
Зейнеткер сақшының үлкен ұлы полиция лейтенанты Артық Абдраимов Бәйдібек ауданы полиция бөлімі кезекші бөлімшесінің аға кезекші лауазымында жұмыс істейді. Ал екінші ұлы Абзал Абраимов 2013 жылдан бері Бәйдібекте қылмыстың жасалуына күдіктілер мен айыпталушыларды уақытша қамауда ұстау изоляторының полицейі лауазымында адал қызмет етіп келеді. Шені – полиция аға сержанты.
Екі бірдей ұлының құқық қорғау саласында халықтың тыныштығын сақтап, елдің бірлікте болуына өзіндік үлестерін қосып келе жатқанын көрген әке, өз өміріне дән риза.
Көп жыл ішкі істер органдарында жұмыс істеп, халықтың тыныштығы үшін күндіз-түні талмай еңбек еттік. Қазір екі ұлым да осы салада адал еңбек етіп келе жатқандарына шүкіршілік етемін. Жалпы полиция болу – форманы киіп алып, қызметіңді асыра пайдалану емес, елге қызмет ету. Қандай шен, лауазымда жүрсең де өзіңе жүктелген міндетті қиналмастан, асқан жауапкершілікпен мінсіз атқару ең маңыздысы деп санаймын. Полиция – жұртшылыққа, елге жақсы қасиеттерімен, жанашырлығымен, қамқорлығымен есте қалуы керек. Тәртіп пен төзім салтанат құрған жерде құқық қорғаушылардың да абыройы арта түспек, - деді зейнеткер полиция Абдраимов.