Полиция деген жауапқа тартатын емес, халыққа көмекке келетін қызметкер болуы тиіс

12 Наурыз 2021, 10:50
2405
Бөлісу:
Полиция деген жауапқа тартатын емес, халыққа көмекке келетін қызметкер болуы тиіс

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ішкі істер саласына арналған Сенаттағы Үкімет сағатында депутат Нұрлан Бекназаров полицияның қоғамдағы рөлі туралы айтты.

Азаматтар полиция қызметкерін тек жауапқа тартатын органның өкілі ретінде емес, қиын жағдайда көмекке жүгінуге болатын мемлекеттің өкілі ретінде қабылдайтын жағдай қалыптасуы қажет. Қойылған міндеттерді тиімді атқаруы полиция қызметкерлерінің жоғары кәсіби кадрлық әлеуетіне де байланысты. Құқық қорғау саласындағы негізгі үрдістер Парламент тарапынан заңнамалық қызмет арқылы да үздіксіз іске асырылуда, - дейді Нұрлан Бекназаров.
Ол осы ретте сервистік модель туралы айтып өтті.

Сервистік модель алдымен полиция қызметкерлерінің қауіпсіздік мәселелерінде қоғамның қажеттілігін нақты түсіну, қолжетімділік, танымалдық, ашықтық және қоғамның белсенді өкілдерімен өзара тығыз іс-қимыл қағидаттарына негізделу тиіс.

Осы орайда айрықша назар аударатын мәселе, отандық полицияның сервистік моделінің тұжырымдамасын дайындау барысында, халқымыздың мәдениеті және менталитетін, жергілікті жағдай мен талап-тілектері міндетті түрде ескеруді ұсынамын, - деді депутат.

Сенатор Полиция реформаларында учаскелік инспектордың рөлі өте маңызды екенін атап өтті. Өйткені ол өз қызметінің мәні бойынша халықпен өзара іс-қимылда құқық қорғау органдарының басты өкілі болып саналады.

Учаскелік инспекторға деген сенім арқылы жалпы ішкі істер органдарына деген сенім қалыптасады. Негізінен өзекті мәселелерді шешу мақсатында, учаскелік полиция қызметкері функционалдық міндетінен тыс жұмыстар жүктейтін «жұмсағанға ыңғайлы қол бала» болмауы үшін оның мәртебесі мен өкілеттіктері салалық «Ішкі істер органдары туралы» заңның жеке тарауында, ал процессуалдық өкілеттіктері тиісті кодекстерде нақты анықталуы қажет, - дейді Бекназаров.

Айта кетейік, соңғы жылдары құқық қорғау органдарының қызметін реттейтін бірнеше заң қабылданған. Олар: «Құқық қорғау қызметі туралы»,«Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдары туралы», «Прокуратура туралы», «Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы», «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» заңдар.

Өзгелердің жаңалығы