Польшадағы қазақстандық студенттің қазасына қатысты тергеуді елшілік бақылауға алды – СІМ

6 Қараша 2020, 17:23
1428
Бөлісу:
Польшадағы қазақстандық студенттің қазасына қатысты тергеуді елшілік бақылауға алды – СІМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Варшавадағы елшілігі Польшадағы қазақстандық студенттің қайғылы қазасына қатысты тергеуді ерекше бақылауда ұстауда, деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі. 

Польшаның құқық қорғау органдарының мәліметінше, жергілікті полиция кісі өлтірген күдіктіні және оның жолдасын – осы елдің азаматтарын ұстады. Біріншісіне кісі өлтірді деген айып тағылды, ал оның досы тергеуге кедергі келтірді және көмек көрсетпеді деп айыпталуда. Күдікті аңшы екені анықталды және қазақстандық студенттер тұрған жаққа оқ атқан. Қазіргі уақытта тергеу шаралары жүргізілуде.

Қазақстан тарапы Польша билігіне барынша мұқият тергеу жүргізуді және барлық кінәлілерді жазалау туралы өтініш білдірді. Қазіргі уақытта дипломаттар құжаттарды рәсімдеп, марқұмның денесін отанына жіберу бойынша шаралар қабылдауда, - делінген хабарламада. 

Қайтыс болған студенттің туыстары мен жақындары олардың сезімдері мен жеке өміріне қол сұқпау құқығын құрметтеуді, осы трагедия төңірегінде дүрліктірмеуді сұрайды.

Айта кетейік, 3 қарашада Польшада 16 жастағы қазақстандықты белгісіз біреу атып өлтіргені туралы хабарлаған болатынбыз. 

Польшалық БАҚ 16 жастағы қазақстандықты өлтіру ісі бойынша егжей-тегжейлі мәліметті жариялады. Қазақстандық студент браконьердің қолынан қаза тапқан. Ол жасөспірімді қабан деп қалған. Қайғылы оқиға 1 қарашада Ключковицедегі интернат студенттері (Польшадағы Ополе-Любелское ауданы) оқу орнынан 200 метр қашықтықта орналасқан мектеп бақшасына барған кезде болды. 

Белгілі болғандай, қайғылы оқиға 2 қарашада Польшаның Ополе Любельское қаласында болған. Оқ тиіп, алған жарақаты салдарынан 2004 жылы туған Қазақстан азаматы қайтыс болды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. 

Өзгелердің жаңалығы