Польшада 16 жастағы қазақстандықты браконьер атып өлтірген

6 Қараша 2020, 16:23
1452
Бөлісу:
Польшада 16 жастағы қазақстандықты браконьер атып өлтірген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ол жасөспірімді қабан деп қалған.

Польшалық БАҚ 16 жастағы қазақстандықты өлтіру ісі бойынша егжей-тегжейлі мәліметті жариялады. Қайғылы оқиға 1 қарашада Ключковицедегі интернат студенттері (Польшадағы Ополе-Любелское ауданы) оқу орнынан 200 метр қашықтықта орналасқан мектеп бақшасына барған кезде болды.

«Dziennik Wschodni» басылымының жазуы бойынша, балалар жақындап келе жатқан көліктің дыбысын естіп, ағаш арасына тығылады. Олар көліктің тоқтап, біреудің есікті ашқанын естиді. Содан кейін оқ атылады. Достары айқайлаған кезде мерген оқиға орнынан кетіп қалған еді. Жасөспірімді интернатқа жеткізіп, дереу жедел жәрдем шақыртқанымен, оның аман қалуға мүмкіндігі болмаған.

Әу баста полиция 16 жастағы жасөспірім оны жануар ретінде қабылдаған аңшының құрбаны болуы мүмкін деп болжаған болатын. Алайда жексенбі күні мектеп аймағында аңшылық туралы ресми хабарлама болмаған.

Оқиғадан бір тәулік өткен соң олар отставкадағы полиция қызметкері 51 жастағы Ч.Дариушты ұстады. Сондай-ақ, оның 41 жастағы досы, шіркеу қызметкері және өрт сөндіруші ұсталды.

Бұрынғы полиция қызметкері үш айға қамауға алынды. Негізі қылмыстың мұндай түріне 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Күдікті жасөспірімді қабан деп қабылдағанын айтты.

Бастапқыда екеуі де қылмыс орнында болмағандарын мәлімдеді. Шіркеу қызметкері де досын күдікке іліндірмес үшін, шындықты жасыруға тырысқан, бірақ соңында ол заңсыз аң аулауға бірге барғанын мойындады.

Оқ атушының досына кәмелетке толмаған жәбірленушіге көмек көрсетпеді деген айып тағылды. Ол 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Поляк аңшылар қауымдастығы қылмыс жасаған кезде кінәлі аң ауламағанын, бірақ браконьерлікпен айналысқанын айтты.

Барлық қауымдастық аңшылары бұл жағдайды ерекше қайғырып қабылдады. Біз қайтыс болған баланың туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз. Оқ атушы аңшылардың барлық қауіпсіздік ережелері мен этикалық нормаларын бұзған. Біз құқық қорғау органдарына кінәліні жазалауда көмек көрсетуге, қылмыскерді біздің ұйым қатарынан шығаруға дайынбыз, - деп хабарлады қауымдастық.

Ұйым өкілі «бұл қайғылы оқиға барлық аңшылардың атына көлеңке түсіретінін»  атап өтті.

16 жастағы қазақстандық Ключковицеге Қазақстаннан 23 адамнан тұратын топпен алмасу бағдарламасы аясында барған еді.

Өзгелердің жаңалығы