Пластикалық хирург: Эстетикалық оталар қиялдың ұшқырлығын талап етеді

25 Ақпан 2024, 08:50
646
Бөлісу:
Пластикалық хирург: Эстетикалық оталар қиялдың ұшқырлығын талап етеді
Фото: Ұлттық ғылыми онкология орталығының баспасөз қызметі

Пластикалық хирургия – медицинадағы жаңа салалардың бірі саналады. Реконструктивті пластикалық хирургия елімізде қалай дамып жатыр? Оның рөлі қандай? Осы және өзге де сұрақтарға елордадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығының дәрігері, реконструктивті-пластикалық хирург Бауыржан Әнапиямен сұхбат барысында жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

- Бауыржан Бегалыұлы, жалпы реконструктивті хирургия деген не, сала дәрігерлері немен айналысатынын түсіндіріп өтсеңіз...

- Реконструктивті хирургия дегеніміз – келбеттегі ақауды жоюмен айналысатын сала. Біз сыртқы келбеттегі ақаулардағы, функционалдық ақауларды қалпына келтіріп, онкологиялық көлемде операциялардан кейінгі коррекцияны жасаймыз. Сондай-ақ біздің орталығымызда аяқтағы трофикалық ойықжара мен ұзақ жатқаннан денедегі тесілген орынды емдейді. Одан бөлек, қазіргі таңда микрохирургияны, яғни бір немесе бірнеше тіндердің бөлігінде көлемді ақаудың орнын жою үшін бірнеше миллиметр диаметрдегі тамырларға анастомоз салуды қолға алдық. Бұл дегеніміз – микрохирургиялық техника енгізіліп, тері, бас, мойын, жыныс ағзаларының онкологиялық зақымдалуына шалдыққан науқастарға көмек көрсетіледі. Үлкен көлемдегі тіндерді алмастыру операциялары жүргізіледі, функционалдық ақаулар қалпына келтіріледі. Сондай-ақ жақсүйек-бет аймағы мен жалпы бас аймағын реконструкциялау технологиясы енгізілді. 2023 жылдан бастап біздің сектор шораяқ, яғни терінің қалыңдап өсетін ауруы диагнозы қойылған адамдардың лимфа тамырларына операция жасауды қолға алған Орта Азиядағы алғашқы жер.

- Ол қандай операция? Толығырақ тоқталсаңыз...

- Бұл операция супермикрохирургия бағытына жататын инновациялық операция болып саналады. Егер қалыпты жағдайда микрохирургиялық қантамырлар әдетте 1-5 мм болса, бұл жерде 1 мм-ден кем тамырлар туралы сөз болып отыр. Осыған ұқсас операциялар жасау үшін арнайы жіптерге тапсырыс беруге қажет. Операция екі түрлі жолмен жүзеге асырылады. Біріншісі – лимфа жүйесі супермикрохирургиялық анастомоз салу жолымен венозды жүйеге қосылады. Екінші жолы – тіннің сау бөліктерімен лимфа түйіндерін алмастыру техникасын үйлестіру. Бұл әдістердің қолданылып келе жатқанына 15-20 жылдай болған. Медициналық тұрғыдан қарағанда олар өте жаңа әдіс деп саналады. Тіпті, әлемдік медициналық кітапхананың өзінде осы тақырыпқа қатысты материалдар жоқтың қасы. Бізге түрлі әдебиет көздерінде бар ақпаратты жинастырып, үйренуге тура келеді. Одан бөлек, біз осындай операциялар жасаған шетелдік орталықтармен бірігіп жұмыс істейміз.

- Өзіңіз қызмет етіп жатқан салада маман тапшылығы бар ма?

- Бүгінгі таңда секторымыздағы кадр әлеуеті айтарлықтай күшейді деп айта аламын. Штатта жаңа жоғары санатты докторлар пайда болды. Қазіргі уақытта біздің дәрігерлер құрамы толықтай жинақталды деуге негіз бар. Бұрынғыдай қатты шаршап жұмыс істеуге мұқтаждық жоқ. Барлық операциялар толықтай құраммен жүзеге асырылады.

- Өзіңіз басқа бөлімшелердің дәрігерлерімен бірігіп операцияларды көп жасайды екенсіз...

- Иә, шынымен де секторымыздың мамандары басқа бөлімшелердегі әріптестермен бірігіп жұмыс істейді. Ғылыми орталықта бас пен мойын бөлімшесі бар. Ол жерде дәрігерлер жақсүйек-бет пен мойын аймағының онкологиясымен айналысады. Олармен біз тұрақты түрде жұмыс істейміз. Мәселен, егер пациентте жоғарғы немесе төменгі жақсүйектің обыры анықталса, көлемді резекция қажет болады. Одан кейін біздің дәрігерлеріміз оған жақсүйектің өзін де, жұмсақ тіндерін де қалпына келтіруге тиіс болады. Осылайша, көлемді операция барысында пациент барынша аз косметикалық және функционалдық ақаулармен бетпе-бет келеді.

- Жұмысыңыздағы ерекше оқиғаңызбен бөлісіңізші...

- Жол апатына түскен ересек жастағы бір пациентіміз болды. Апат салдарынан ол беттің жұмсақ тіндерінің жылжып кету жарақатын алған, яғни бетінің тіндері төменге және сыртқа қарай жылжып кеткен. Өңірлерде өкінішке қарай, оған техникалық мүмкіндіктері болмағандықтан көмектесе алмаған. Біздің секторымызда төменгі және жоғарғы қабақтың реконструкциясы жүргізілді, пациентке болашақта көз протезін салу мүмкіндігі қарастырылды. Одан бөлек, сыртын кеспей, тілмей-ақ, оңтайлы симметрияға қол жеткізе отырып, бетінің жылжып кеткен құрылымын қалпына келтірдік. Оны пациенттің қабағы арқылы жасадық.

Тағы бір кейске тоқталсам. Эстетика мен онкологияны ұштастыру қажет жайттар жиі кездеседі. Бет терісінің ісігіне шалдыққан жасы келген ересек пациенттеріміз көп. Айта кетерлігі, әдетте саннан немесе денесінің өзге бөлігінен алынатын тері трансплантаттарын қолданамыз. Алайда біз осы жағдайда ол кісінің жас ерекшелігін назарға алдық. Пациентке блефаропластика – яғни қабақ аймағындағы тері жабыны мен майлы ісіктің артық жерлерін кесіп алып тастау жүргізілді. Ал осы процедура барысында алынған артық теріні бет ақауының аймағына салдық. Сөйтіп, пациентіміз негізгі ауруынан да айықты, оның үстіне, эстетикалық бонусты иеленді.

Сондай-ақ жыл бойы бізге жануарлар тістеп, қауып алған адамдар жиі жүгінеді. Мысалы, бір пациенттің мұрнын ит қауып алған, тағы біріне сыртқы жыныс ағзаларының толықтай реконструкциясын жасауға тура келді.

- Өзіңіз жұмыс істейтін секторға сонымен қоса, онкологиялық ауруы жоқ адамдар да келе ме?

- Әлбетте. Реконструктивті пластикалық хирургия саласында бұл тұрғыда ешқандай шектеу жоқ. Яғни тек онкологиялық пациенттерге қызмет көрсетумен шектелмейді. Реконструктивті операцияға мұқтаж кез келген адам орталығымызға келіп, дәрігерлердің қабылдауына кіре алады. Операцияларға келер болсақ, олардың барлығы МӘМС пен ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі – ред.) аясында жасалады.

- Науқастарға орталыққа келіп ем алу қаншалықты қиын?

- Біз пациенттерімізден талап ететін ең басты нәрсе – ол темірдей тәртіп. Әдетте сектордың базасында айтарлықтай күрделі операциялар жасалады, олар күрделі болғандықтан ұзақ реабилитацияны қажет ететіні анық. Шектеулер өмір сүру салтына да, тамақтану тәртібіне де қойылады. Өкінішке қарай, уақыт өткен сайын өз басым пациенттер біз ұсынған нұсқаулықтарды ұстанбайтын жайттарды көп кездестіремін. Мысалы, қолға (трофикалық жара кезінде) операция жасалған соң адам 10 күн бойы төсектен тұрмай жатуға тиіс. Төсекте соншалықты уақыт ұзақ жату оңай емес екені түсінікті. Бірақ бұл ауыстырылған тері кесіндісінің барынша сапалы болып жазылуы және аяқ-қолдағы артық сұйықтық ағынын жақсарту үшін қажет. Кейбір пациенттер осы ережелерді ұстамай, тұрып алып бөлмеде жүре бастайды. Нәтижесінде жасалған операцияның әсері нашарлап, көзге көрінбей қалады.

- Ал өзіңіз реконструктивті хирург ретінде қандай басты қағиданы ұстануыңыз керек немесе қандай қасиеттер бойыңызда болуға тиіс деп есептейсіз?

- Біздің жұмысымыздың ерекшелігі де сол – өте көп шыдам, сондай-ақ біртүрлі болып көрінсе де, қиялдың ұшқырлығы қажет. Не айтқым келгенін түсіндіріп өтейін. Ақаулар әр уақытта әртүрлі болуы мүмкін. Әр жағдайды біз жаңа жағдай деп қарастырамыз. Реконструктивті хирургтардың міндеті ақауды барынша жоюдан тұрады. Яғни мысалы, егер пациент шайнай алмаса, біз оған осы мүмкіндікті қайтаратындай нәрсе жасауымыз керек.

- Сіз үшін жұмысыңыздағы басты мақсат қандай?

- Мен өңірде, Көкшетаудағы облыстық ауруханада еңбек жолымды енді ғана бастаған шағымда менің ұстазым былай деген еді: «Операциядан шығып, өз-өзіңе көңілің толса, демек, сен өсуіңді тоқтаттың деген сөз». Бұл сөз менің өмірлік ұстанымыма айналды. Сондықтан мен өз жұмысыма 100% көңілім толатын күн қашан келетінін елестете алмаймын. Мен алдыма отандық микрохирургия мен супермикрохирургия саласын тым құрығанда Ресейдегі деңгейге дейін жеткізуді мақсат етіп қойдым. Егер біз соларды қуып жете алсақ, мен мақсатымды орындадым деп есептеймін. Әрі қарай менен кейін ізімізді басатын мамандарға байланысты болады.

- Әріптестеріңіздің арасында жекеменшік орталықтарда жұмыс істеп, аса күрделі емес пластикалық операцияларды жасайтындар көп. Ол дәрігерлер әдетте өте жақсы табыс табатыны анық. Сіз неліктен ғылыми орталықты таңдадыңыз?

- Менің түсінігімде эстетика мен реконструкция – бірге жүретін дүниелер, екеуін бір-бірінен ажыратуға болмайды. Егер мен реконструктивті хирургиямен айналыссам, бұл мен эстетикалық операцияларды жасай алмаймын деген сөз емес. Реконструктивті хирургия тіндердің құрылымына көбірек әрі тереңірек енуге мүмкіндік береді, сәйкесінше, кейбір эстетикалық операцияларға барынша саналы түрде келу керек. Жалпы, өз басым пластикалық хирург болуы мүмкін барлық кең құзыретті иемденетіндей маман болғаны дұрыс. Сонда кез келген күрделіліктегі түрлі операцияларды да жасай алады. Бұл тұрғыда менің көзқарасым операцияның қандай да бір түрімен шектеліп қалмай, дамудың эволюциялық сатысымен жүру керек. Ең маңыздысы, бұл даму тоқтап қалмауға тиіс.

- Пластикалық хирургия реконструктивті хирургиядан несімен өзгешеленеді?

- Пластикалық хирургия – бұл өте үлкен тәртіп. Ал реконструктивті хирургия – оның бағыттарының бірі. Пластикалық хирургия эстетика мен реконструкцияны мақсат етіп жасалады. Біз реконструкциямен айналысамыз, сонымен қоса эстетиканы да айналып өтпейміз. Өйткені адам денесінің операция жасалған бөлігіндегі эстетиканы сақтап қалуға тырысамыз.

- Болашаққа қандай жоспарыңыз бар?

- Реконструктивті пластика қызметін кең ауқымда бір жолға қойғым келеді. Жақын арада жұтқыншақ пен өңештің қатерлі ісігіне шалдыққан пациенттердің даусын қалпына келтіру операцияларын, сондай-ақ жарақат алған, онкология немесе басқа да себептерге байланысты жоғалтқан пациенттерге сыртқы жыныс ағзаларын қалпына келтіру операцияларын енгізгім келеді. Лимфатикалық ісіктерді емдеудің суспермикрохирургиялық бағытын тереңінен меңгерсем деймін. Бізде даму үшін бәрі бар. Қалғаны адамның өзіне байланысты деп ойлаймын.

- Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы