Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда мектеп оқушылары арасында робототехникадан республикалық чемпионаттың облыстық іріктеу кезеңі өтті. 4 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан сайысқа осы жолы 150 адам қатысуға ниет білдіріп, рекордтық көрсеткіш орнады.
Сайысты ұйымдастырушылардың сөзіне қарағанда Қызылжар өңірінде соңғы жылдары робототехника саласы қарқынды дамып келе жатыр. Тек облыс орталығында ғана емес, ауылдық балабақшаларда да арнайы үйірмелер ашылған. Сайысқа қатысушылардың ең кішісі 6 жаста. Петропавл қаласындағы қазақ мектеп-гимназиясының оқушылары Біржан Жайлаубай мен Олжас Базарбаев жолда кездескен цилиндірлерді көтеріп, жиайтын робот құрастырған. Қос жеткіншек болашақта ауыр жүкті тасымалдайтын техника жасауды армандайды.
«Сайысқа досым Олжас Базарбаев екеуміз бір топ болып қатысып жатырмыз. Екі робот әкелдік. Бірі жолында кездескен ақ цилиндрлерді жинаса, екіншісі қараларын тереді. Алдында кездеске кедергілерді еңсеріп, қара жолақпен ғана, яғни белгілі бағыт бойынша ғана жүреді. Роботтың өзін жинау қиын емес, керісінше қызық. Арнайы бағдарлама жасау – күрделі тапсырма. Болашақта «робот-қол» жасап шығарғым келеді. Ол үйде аналарымызға жақсы көмекші болар еді», - дейді Біржан Жайлаубай.
Осы жолы облыстық чемпионатқа шалғай ауылдардан көп қатысушы келген. Солардың бірі Ғ.Мүсірепов ауданының намысын қорғаған Илья Мартынюк. Ильяның тобы жасаған робот «сумо» категроиясы бойынша сынға түсті.
«Біздің жасаған роботымыз ультра дыбыс пен жарық датчиктерімен жарақталған. Сондықтан қарсыласын шеңберден итеріп шығаруға жақсы. Оны жинауға бір апта кетті. Бізге информатика пәнінің мұғалімі Сергей Шагалкин көмектесті. Робототехника үйірмесіне қатысып жүргеніме 2 жыл болды. Облыстық сайыстарға қатыстық. Әзірге республикалық деңгейге шығып көрген жоқпыз», - дейді ол.
Жақсы нәтиже көрсеткен балалар облыс намысын республикалық деңгейде қорғайды. Сондықтан сайыскерлер намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. Құрамаға 14 адам қабылданады.
«Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде робототехника олимпиадасы осымен 4-ші рет өткізіліп отыр. Сайыс үш деңгейден, яғни «А», «В» және «С» лигасынан тұрады. «А» тобындағы тапсырмалар жеңілірек, «В» орташа болса, сәйкесінше «С» күрделі. Биылғы байқаудың талабы – қатыстырылып отырған роботтың салмағы 1 келіге дейін болуы тиіс», - дейді сайысты ұйымдастыру алқасының мүшесі Виталий Мельников.
«KazRobosport – 2019» чемпионатының республикалық кезеңі Шымкент қаласында өтеді.