Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда өзін әлеуметтік қызметкер ретінде таныстырған алаяқ жасы 90-ға таяған қарияны тонап кетті. Ол төтенше жағдайға байланысты жұмыссыз қалғандарға жәрдемақы төлеу науқаны жөніндегі жаңалықты өз пайдасына пайдаланған.
42 500 теңге бір реттік әлеуметтік төлемге қатысты тіркелген алғашқы факті бойынша Петропавл полицейлері тергеу амалдарын бастады. Тәртіп сақшыларына 88 жастағы қария арызданған. Күдікті өзін әкімдік қызметкері ретінде таныстырып, әлеуметтік төлем алуға болатыны жайында айтқан. Оның сөзіне сеніп қалған зейнеткер ұрыны үйіне кіргізген. "Әлеуметтік қызметкер" жапа шегушіден су беруін өтінген. Үй иесі ас бөлмесіне бет алғанда ұры сөреде жатқан әмияндағы ақшаны сыпырып, тайып тұрған. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы "Ұрлық" бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Төтенше жағдай кезінде басқа да алаяқтық фактілері орын алуы мүмкін. Ұрылар әлеуметтік жәрдемақы, тұрғындардың қашықтықтан түрлі қызметке жүгінуі, сауда жасау жайындағы түрлі мәліметтеттерді өз кәдесіне жаратуы мүмкін. Сондықтан көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерін ресми сервис арқылы ғана алу мүмкіндігі бар екенін қаперіңізден шығармаңыз. "Қол ұшын беремін" дегеннің барлығына сене беруге болмайды, - дейді Петропавл қалалық ПБ бастығы полиция полковнигі Жандос Мұқатов.Полицейлер әлеуметтік желілердегі жарнаманы мұқият тексеруді және алдын-ала ешқандай төлем жасамауды ұсынады. Мамандардың сөзінше алаяқтар көбіне жоқ тауардың суретін немесе видеосын жариялайды.
Көпшілікке айтарым, жеке және қаржылық мәліметтерді: жеке куәлік суретін, банк картасының пин-кодын, шот нөмірлерін, банк картасының сыртындағы үш саннан тұратын кодты, sms-хабарламасымен келетін растау кодтарын, әлеуметтік желі парақшаларындағы логин мен құпия сөздерді ешкімге сеніп бермеңіз, - деді Жандос Мұқатаев.