Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сайлауға қатысатын 25 мың ерекше қажеттілігі бар жан тіркелген. Олардың дауыс беруін қамтамасыз ету мақсатында инвотакси қызметі күшейтілген жұмыс режиміне көшті.
Қызылжар қаласы бойынша арнайы жарақтандырылған 2 көлік қызмет атқаруда. Олар өздігінен жүріп-тұра алмайтын жандарды сайлау учаскесіне жеткізіп, үйлеріне қайта апарып салады. Мүгедектер қоғамдық ұйымының төрағасы Сергей Сапко аталған әлеуметтік қызметті пайдаланды. Ол екі аяғынан айырылып, арбаға таңылғанына қарамастан, кәсіпкерлікпен айналысады. Қоғамда да белсенділігімен танылып жүрген Серей президент сайлауына қатысуды азаматтық парыз санайды.
«Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің болашағы үшін, еліміздің болашақ президенті үшін дауыс беруге міндетті деп ойлаймын. Қазір сайлауға қатысу үшін кедергі жоқ. Көлік алып келеді, ғимараттарда пандустар бар. Бұған дейін бюллетеньдерді, жәшікті үйлерге апаратын. Күтіп отыратыным есімде. Бүгін учаскеге өзім келдім. Біздің қоғамдық ұйымға мүшелік ететін адамдардың барлығы мүмкіндігінше сайлауға қатысуға тырысады», - деді ол.
Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 25 мың ерекше қажеттілігі бар сайлаушы тіркелген. 14 адамның үйіне сайлау бюллетеньдері апарылады.