Петропавлда 3 айда жолда жүру ережесін бұзған 3600 дерек тіркелді

7 Сәуір 2021, 14:18
3023
Бөлісу:
Петропавлда 3 айда жолда жүру ережесін бұзған 3600 дерек тіркелді

Солтүстік Қазақстан, BAQ.KZ тілшісі. Петропавл көшелерінде «Интегра» және «Мираж» интеллектуалды бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Жолда жүру ережесін бұзу фактісін тіркейтін 43 бейнекамера орнатылған. 

Абай - Нұрсұлтан Назарбаев, Интернационал - Жамбыл, Интернационал - Астана көшелерінің қиылыстарында орнатылған жүйелер бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту мен тоқтау сызығынан асып кетуді анықтауға бағдарланған. Жамбыл - Партизан, Ғабит Мүсірепов - Жамбыл, Нұрсұлтан Назарбаев - Интернациональная мен Мағжан Жұмабаев - Кәрім Сүтішев көшелерінің қиылысындағы әділ электроника бағдаршамның тыйым салатын сигналына өту мен жылдамдықты асыруды тіркейді.

3 айда облыс орталығында бақылау-өлшеу құрылғыларының көмегімен жолда жүру ережесін бұзған 3627 факт тіркелді, тәжірибе көрсеткендей, бүгінгі күннің өзекті мәселесі – тоқтау сызығына өтіп кету болып отыр. Интеллектуалды бақылау жүйесі толтыратын хаттамалардың дені осы бапқа тиесілі. Көше қиылыстарынан өту жүргізушілерден де, жүргіншілерден ерекше сақтықты талап етеді, асығыстық жол-көлік оқиғасына ұрындыруы мүмкін, - дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Болат Жексембинов.

Жылдамдық өлшегіш құралдар мен интелектуалды камералар алдымен жүргізушілердің мәдениетін қалыптастыруға сеп болады дейді құқық қорғаушылар. Өйткені, жүйткіген көлік тізгініндегілерді тезге салудың тиімді тәсілі әзірге осы ғана. Соның арқасында апаттық жағдайларды азайтып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашылмақ. Мысалға, жыл басынан бері Петропавл көшелерінде 400 астам көлік апаты болған. Мұндай оқиғалардың дені жүргізушілердің алаңғасарлығы мен ережелерді сақтамауынан болады. Мәселен, жол қозғалысы реттелмейтін Мағжан Жұмабаев және Брусиловсикий көшелерінің қиылысында «Skoda» көлігінің жүргізушісі бір қатардан екінші қатарға ауысқан кезде қауіпсіздікке көз жеткізбей, «Audi» көлігімен соқтығысқан.

Бұл жасалатын жол-көлік оқиғаларының ең көп кездесетін себебі, жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында – қиылыстан өту реттілігін бұзу және арақашықтықты сақтамау да бар. Жол қозғалысы қатысушыларын аса сақ болуға және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз. Апатты жағдайдан сақтану мақсатында қауіпсіздік белдіктерін пайдалану қажеттігі туралы ескертеміз. Көлік тізгінінде телефонмен сөйлесуден бас тартқан жөн, өйткені, жолда жүргізуші үшін әр секунд маңызды, - дейді Петропавл қалалық Полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.

Үш айдың ішінде Петропавл жолдарында осы тектес 448-ден астам факті тіркелді. Яғни, жолда бейғамдық танытып, ережені сақтамағандар, осылайша, опық жеп, қателігі үшін қалтасын босатуына тура келеді.



Өзгелердің жаңалығы