Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлда 200 орындық инфекциялық аурухананың құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмысын елордалық компания атқаруда. Мамандар нысанды қыркүйектің соңында тапсырамыз дейді. Бұған дейін мұндай тез тұрғызылатын инфекциялық аурухананы құрылысшылар тек Нұр-Сұлтан, Алматы мен Шымкентте ғана салған екен.
Бұл орында алдағы уақытта инфекциялық аурухана болады. Шаруа тамыз айының басында басталып кеткен. Құрылыстың аумағы 8 мың шаршы метрден асады. Мердігер компания өкілі Олжас Қуатовтың айтуынша, мұндай тез тұрғызылатын инфекциялық аурухананы олар еліміздің 3 қаласында салыпты.
Инфекциялық аурухана тұрғызуда біраз тәжірибеміз бар. Бұған дейін Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында салған едік. Төртіншісін Петропавлда тұрғызып жатырмыз. Қазіргі күні нысанда 200 адам еңбектенуде. Олардың тең жартысынан астамы – жергілікті азаматтар, - дейді "KAZPACO" ЖШС диспетчері Олжас Қуатов.Ғимараттың қаңқасы тез көтеріледі екен. Ол үшін құрылысшылар бетоннан құйылған дайын модульді блоктарды қолданамыз дейді. Жұмысшы саны да өседі. Алдағы уақытта мұнда 500 адам жұмыс істейтін болады.
Бетон құйылып болған соң сырты қапталып, фасадпен жабылады. А, Б, С блоктарының бәрін солай жасап шығамыз, - дейді "KAZPACO" ЖШС геодезисі Арман ҒизатовАурухана 2 айда дайын болады. Тамызда басталған шаруа қыркүйектің соңында тапсырылады. Мамандар құрылыс біткен соң нысанның сыртын да абаттандыруды көздеп отырмыз дейді.