Перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес - Тоқаев

14 Шілде 2022, 11:45
1361
Бөлісу:
Перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес - Тоқаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында сәби мен аналардың өлімі артқанын мәлімдеді.

Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ, барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды. Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу қажет. Жалпы, денсаулық сақтау саласы туралы айтар болсақ, мұнда түйткілді мәселелер көп, - деді президент.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда созылмалы ауру салдарынан қайтыс болу көрсеткіші өте жоғары. Әсіресе, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда біздегі ахуал өте нашар.

Сонымен қатар ол медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отырғанын айтты.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды. Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауы керек,-деді Тоқаев.

Президент сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру өзекті екенін айтыт. Оның айтуынша, бұл жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Жалпы, цифрландырудың қазіргі деңгейі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп отырған жоқ.

Денсаулық сақтау саласында 40-тан астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Әр жүйенің өз кемшіліктері бар. Министрлік болса, жауапкершіліктен қашып, нақты шешім қабылдамай отыр. Ал, мұның зардабын дәрігерлер мен азаматтар тартуда. Үкімет осы мәселені тез арада шешуі керек, -деді президент.

Өзгелердің жаңалығы