Шиелі аудандық ауруханасы әлеуметтік желідегі парақшасында нәрестені шығарып алу кезінде шоу жасайтындарға қатысты үндеу жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Нәрестені перзентханадан шығарып аларда шоу ұйымдастыру дұрыс емес... Күн сайын сағат 12:00-ден бастап жұмыс уақытының соңына дейін аудандық аурухана маңы той-думанға, қаптаған көліктерге, шоу мен аниматорларға толып кетеді. Ата-аналар, туыстар мен достар кішігірім той жасайды. Бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан, думанды шаралар күн сайын жалғасуда, – делінген аурухананың жазбасында.
Дәрігерлер жаңа туған сәбиге ең алдымен тыныштық қажет екенін ескертеді.
Тұрғындар жаңа босанған ана мен өмірге келгеніне жеті күн толмаған нәрестеге ерекше күтім мен тыныштық қажет екенін біле тұра, әншілер мен аниматорларды шақырып, концерт ұйымдастыруды әдетке айналдырып бара жатыр. Аудандық аурухана көпбейінді болғандықтан, басқа да бөлімдерде ауыр халдегі науқастар жансақтау бөлімінде өмір үшін күресіп жатады. Олардың туыстары да жанын шүберекке түйіп, үмітпен күтіп отырады. Перзентхананың реанимациясында өз өмірі үшін күресіп жатқан нәрестелер бар екенін ұмытпауымыз керек, – делінген үндеуде.
Мамандардың айтуынша, кей ананың сәбиі жансақтау бөлімінде жатады. Сол себепті перзентхана алдында нәрестені шығарып алу кезінде шоу ұйымдастырып, түрлі аниматорларды шақырудан бас тартқан жөн деп санайды.
Нәресте дүниеге келгеннен кейін кейбір аналар да аурухананың реанимация бөлімінде ем қабылдайды. Бір ана сәбиін құшағына алса, енді бірі баласын тек жансақтау бөлімінен үмітпен күтеді. Жаңа туған нәресте де, оның анасы да алғашқы күндері тыныштық пен демалуға мұқтаж. Босанған ана қатты шаршайды және баласымен бірге тыныш ортада болғысы келеді. Осы орайда, қаумалап келген туыстардың дабыр-дуы мен қатты музыканың жаңа туған сәбидің есту қабілетіне зиян келтіруі, тіпті неврологиялық мәселелер туындатуы мүмкін екенін естен шығармаған жөн. Қазақта «Барыңды айта берме, жоқ адамның меселі қайтады» деген дана сөз бар. Қайғы жамылып отырған адамдарға ән айтып, думандатып, немқұрайлық таныту адамгершілікке жата ма? Сол себепті аудандық аурухана маңында, әсіресе перзентхана алдында нәрестені шығарып алу кезінде шоу ұйымдастырып, түрлі аниматорларды шақырудан бас тартуды әкімшілік талап етеді!, – делінген хабарламада.