Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот процесі жартылай ашық форматта өтеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астанада қоғам белсендісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі 14 шілдеде сағат 10:00-де басталады.
Істі Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Каримов қарап жатыр.
Судья қаулысымен сот отырысы ішінара жабық форматта өтетін болды – нақтырақ айтқанда, айыпталушыларды тергеу бөлігі жария түрде көрсетілмейді. Ал қалған процестік бөліктер – ашық түрде, көпшілік пен БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткізіледі.
Процесс аптасына екі рет – дүйсенбі және сейсенбі күндері жалғасады.
Бүгін Перизат Қайрат ісі бойынша сот басталғанын жаздық.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.