Иранмен соғыс кезінде АҚШ әскері қолданған Starlink жүйесіне байланысты Пентагон мен Илон Масктың SpaceX компаниясы арасында келіспеушілік туған. Reuters агенттігінің жазуынша, SpaceX әскери мақсатта пайдаланылатын Starlink қызметінің бағасын күрт көтеруді талап еткен.
Starlink арқылы басқарылатын дрондар Иранға қарсы қолданылған
Басылым мәліметінше, АҚШ Иранға қарсы шабуылдарда Starlink желісімен басқарылатын LUCAS камикадзе-дрондарын пайдаланған. Бұл арзан америкалық дрондар сипаттамасы жағынан ирандық Shahed дрондарына ұқсайды.
LUCAS дрондары нысанның үстінде біраз уақыт қалықтап ұшып, кейін соғылып жарылуға арналған.
Reuters дерегінше, осы операциялардан кейін SpaceX басшылығы Пентагон өкілдерімен кездесіп, әскери тарап Starlink қызметін бұрын келісілгеннен әлдеқайда жоғары деңгейде пайдаланып отырғанын айтқан.
SpaceX Пентагоннан көбірек ақша талап еткен
Құжаттар мен дереккөздердің мәліметінше, Пентагон әр терминал үшін шамамен 5 мың доллар төлеп келген. Алайда SpaceX мұндай қолдану деңгейі авиациялық премиум-тарифке сәйкес келеді деп есептеп, қызмет құнын 25 мың долларға дейін көтеруді ұсынған.
Пентагон өкілдері бұл баға әскери ұшақтарға арналғанын, ал камикадзе-дрондар Starlink байланысын бірнеше минут не сағат қана пайдаланатынын алға тартқан.
Соған қарамастан, АҚШ қорғаныс министрлігі ақырында жаңа тарифпен келісуге мәжбүр болған. Соның нәтижесінде бір LUCAS дронының құны екі есеге жуық өскен. Бұған дейін Пентагон әр дрон үшін шамамен 30 мың доллар төлеген.
Иран халқы үшін байланыс мәселесі де дау туғызған
Reuters мәліметінше, Пентагон мен SpaceX арасында тағы бір мәселе бойынша келіспеушілік болған. АҚШ билігі Ирандағы интернет шектеулерін айналып өту үшін тұрғындарға Starlink арқылы тікелей ұялы байланыс қызметін ұсынуды жоспарлаған.
Бұл жүйе 5G қызметіне ұқсас жұмыс істеуі керек болған. Алайда тараптар оның бағасы бойынша да ортақ келісімге келе алмаған.
Пентагонның SpaceX-ке тәуелділігі артып келеді
Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай АҚШ армиясының SpaceX компаниясына қаншалықты тәуелді болып қалғанын көрсетеді.
Қазіргі уақытта Starlink-ке тең келетін балама жүйе жоқ. Әсіресе Ресейдің Украинаға басып кіруінен кейін спутниктік интернет қазіргі соғыстарда маңызды құралға айналған. Starlink әскери байланыс пен дәл навигацияны тіпті шалғай аймақтарда да қамтамасыз етеді.
SpaceX орбитадағы спутниктердің басым бөлігін иеленіп отыр
Қазір SpaceX орбитада шамамен 10 мың спутникке ие. Бұл әлемдегі барлық спутниктердің 60%-дан астамы. Компанияның ауқымы OneWeb пен Amazon Leo сияқты бәсекелестерден әлдеқайда үлкен екені айтылды.
Сонымен қатар, SpaceX Пентагонға Starshield деп аталатын арнайы әскери терминалдарды жеткізеді. Бұл жүйе коммерциялық Starlink спутниктерімен қатар, қорғалған әскери спутниктер желісіне де қосыла алады.