Педагогтердің жалақысы екі есе өсуі мүмкін

Мәжіліс депутаты Президент тапсырмасының әлі толық орындалмай отырғанын айтып, мектепке дейінгі білім беру жүйесіндегі бірқатар мәселені көтерді.

Бүгiн 2026, 12:35
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов Бүгiн 2026, 12:35
Бүгiн 2026, 12:35
193
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен «Мектепке дейінгі білім беруді дамыту» тақырыбындағы отырыста депутат Асхат Аймағамбетов балабақша тәрбиешілерінің жалақысы мен жұмыс жүктемесіне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы 2022 жылы мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту бойынша нақты тапсырмалар берген. Алайда олардың бір бөлігі әлі күнге дейін толық орындалмаған.

Президенттің тапсырмасын білеміз. Бір топта бір емес, екі тәрбиеші болуы керек және тәрбиешілердің жалақысы екі есе өсуі қажет еді. Өкінішке қарай, бұл тапсырма әлі толық орындалған жоқ, – деді депутат.

Аймағамбетовтің сөзінше, көптеген балабақшада тәрбиешілерге түсетін жүктеме әлі де жоғары.

Ол мектепке дейінгі білім беру сапасы кадрлардың жағдайымен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Депутат сондай-ақ былтыр қабылданған маңызды заң нормасының орындалуына да тоқталды. Атап айтқанда, алты жасқа толмаған балаларды оқу жылы аяқталғанға дейін балабақшадан шығармау туралы талаптың кей өңірде сақталмай отырғанын айтты.

Біз бұл мәселені заңмен шештік. Егер бала алты жасқа қаңтар айында толса, оны сол уақытта балабақшадан шығарып жіберуге болмайды. Бірақ бұл норма барлық жерде толық орындалып жатқан жоқ, – деді ол.

Сонымен қатар мәжілісмен аз қамтылған отбасылардың балаларын тегін тамақтандыру мәселесіне назар аударды.

Оның айтуынша, өңірлерге барған кезде ата-аналар балабақшадағы тамақ ақысын төлеуге мүмкіндігі жоқ екенін жиі айтады.

Кейбір отбасы баласының тамақ ақысын төлей алмайды. Соның салдарынан балалар балабақшаға бара алмай отыр. Бұл мәселені толық шешу қажет, – деді депутат.

Асхат Аймағамбетов мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау мәселесін де қозғады. Оның айтуынша, депутаттар қабылдаған заңға сәйкес 2027 жылдан бастап балабақшаларды лицензиялау енгізіледі.

Бұл – балалардың қауіпсіздігі мен білім сапасын қамтамасыз ету үшін маңызды шешім. Бірақ дайындық жұмыстары мен іске асыру тетіктері туралы нақты ақпарат әлі жеткіліксіз, – деді ол.

Еске салсақ, бұған дейін Асхат Аймағамбетов балабақшалардың заңды бұзып отырғанын айтты. Мәжіліс депутаты 6 жасқа толмаған балаларды балабақшадан шығару мәселесі әлі толық шешілмегенін мәлімдеді.

Тағы оқи отырыңыз: Қазақстанда тағы бір мамандық иелерінің жалақысы 70%-ға дейін өседі 

Жалақы уақытында төленбейді, “отпускной” берілмейді: Тәрбиешілер айлығын ала алмай жүр 

Наверх