Депутат жекеменшік балабақшалардағы жалақының кешіктірілуі мен қаржыландырудың ашық еместігі мәселесін көтеріп, Оқу-ағарту министрлігінен нақты жауап талап етті
Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде өткен «Мектепке дейінгі білім беруді дамыту» тақырыбындағы отырыста депутат Гүлдара Нұрымова мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру мен жекеменшік балабақшалардағы қызметкерлердің еңбек жағдайына қатысты бірқатар өзекті мәселені көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Депутаттың айтуынша, Қазақстанда бүгінде 5 мыңнан астам мемлекеттік және 6 мыңнан астам жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Алайда олардың қаржыландырылуына қатысты нақты деректер жарияланбаған.
2025 жылы мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландырудың жалпы көлемі қандай? Мемлекеттік балабақшаларға қанша қаржы бөлінді, жекеменшік балабақшаларға қанша қаржы бағытталды? Бір балаға шаққандағы қаржыландыру көлемі мемлекеттік және жекеменшік секторда қанша? – деп сұрады мәжілісмен.
Сонымен қатар ол жекеменшік балабақшалардағы жалақы мәселесіне ерекше тоқталды.
Әсіресе Астана, Алматы қалалары мен Жамбыл облысындағы кейбір жекеменшік балабақшаларда қыркүйек айынан бері бірқатар төлем жасалмаған. Әріптестеріміз айтып жатыр: жалақы төмен, уақытында төленбейді, еңбек демалысының ақысы берілмейді. Егер мемлекет тарапынан қаржыландыру уақытылы жүргізілмесе, жекеменшік балабақшалар қызметкерлеріне жалақыны қалай төлейді? – деді депутат.
Сұраққа жауап берген Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын талаптар жөнінде түсінік берді.
Оның айтуынша, 2027 жылдан бастап мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау енгізіледі. Балалардың қауіпсіздігі мен жағдайына қатысты барлық талап санитарлық нормаларда белгіленген.
Ойын алаңдарының көлемі, бір балаға шаққандағы аумақ және басқа да талаптардың барлығы санитарлық қағидаларда көрсетілген. Білім беру қызметіне лицензия беру кезінде осы талаптардың сақталуы міндетті түрде ескеріледі, – деді вице-министр.
Ал жалақы мәселесіне қатысты жауапты Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Гүлнар Искакова берді.
Ол педагогтердің жалақысы толық төленбеген жағдайлар кездесетінін мойындады.
Мұндай фактілер бар. Педагогтерден өтініш түскен жағдайда олардың барлығы қаралады. Өңірлердегі білім сапасын қамтамасыз ету департаменттері тексеру жүргізеді. Біз штаттық кесте мен тарификацияға сәйкес педагогтердің еңбекақысы толық көлемде төленуіне қол жеткізуге тырысамыз, – деді Гүлнар Искакова.
Алайда бұл жауапқа қанағаттанбаған Гүлдара Нұрымова министрлік өкілдерінің нақты қаржылық деректерді ұсына алмағанын атап өтті.
Менің түсінгенім, сіздер бұл сұрақтарға қазір нақты жауап беруге дайын емессіздер. Сондықтан республика бойынша мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларды қаржыландыру көлемін, сондай-ақ бір балаға шаққандағы қаржыландыру мөлшерін жазбаша түрде ұсынуларыңызды сұраймын. Сонымен қатар Түркістан, Алматы және Жамбыл облыстарында қыркүйек айынан бері не себепті кейбір төлемдер әлі күнге дейін жүргізілмегенін түсіндіріп беріңіздер, – деді депутат.
Еске салайық, бұған дейін Ринат Зайыт "қашан барсаң да "Маша мен аю" қосылып тұрады" деп балабақшалар мен тәрбиешілер мәселесін көтерді.