Ақтөбе облысы, BAQ.KZ. тілшісі. Ақтөбе облысында әдеп нормаларын сақтамаған мұғалімдерге ескерту беріліп, педагогтардың құқықтарын бұзғаны үшін бір білім беру ұйымының басшысына әкімшілік жаза қолданылды.
Ақтөбе облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Жанар Мұхамбеталинаның айтуынша, мектеп басшысының үстінен мұғалім шағым түсірген.
Педагогтан түскен шағым бойынша мектеп директоры Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 409-бабы 7-3 тармағының 1-тармақшасы «Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, педагогті кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тарту» және осы Заңның 409-бабының 7-3 тармағы 4-тармақшасы «Педагогке тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша міндетті жүктеу» бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін айыпты деп танылып, ескерту берілді. Одан бөлек, білім беру ұйымының басшылары мен педагогтарына әдеп нормаларын және педагог құқықтарын бұзғаны үшін 4 ескерту беріліп, 2 тәртіптік шара қолданылды. Ал екі білім беру ұйымының басшысына ескерту жасалды,— дейді ол.
Соңғы кезде облыста білім беру ұйымдары басшыларының үстінен шағым түсіретіндер көбейген. Әсіресе, әлеуметтік желілер арқылы педагог құқықтарының бұзылуына байланысты шағымдар көп жолданады екен.
Осы орайда біз мұғалімдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін WhatsApp мессенджерінде 14 чат құрдық. Бұл жерге педагогтар өз өтініштері мен шағымдарын жаза алады. Жалпы, Білім және ғылым министрінің «Педагог құқықтарының бұзылуына жол бермеу» туралы бұйрығына сәйкес, педагогтерді қосымша жұмыс түрлеріне тартуға, заңсыз тексерулер жүргізуге, оқуға қажетті қандай да бір тауарды сатып алуына міндеттеуге жол берілмейді. Егер осындай талаптар бұзылған жағдайда ұстаздар біздің департаментке жүгінулеріне болады. Департамент тексеру жұмыстарын жүргізіп, қатаң шаралар қабылдайтын болады, — дейді Ақтөбе облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары.
Жуырда Ақтөбе облысындағы 42 білім беру ұйымына, атап айтсақ, 28 мектеп, 12 балабақша және 2 колледжге мемлекеттік аттестация жұмыстары жүргізілді. Өкінішке қарай, олардың ешқайсысы аттестатталмады. Біз департамент басшысы орынбасарынан білім беру ұйымдарының не себепті аттестатталмағанын сұрадық.
Бұған аталған білім беру ұйымдарындағы 4, 9 және 11-сынып оқушыларының тест сынамаларынан өте алмауы себеп болып отыр. Яғни, білім сапасы төмен деген сөз. Осы орайда біз 16 тексеріс жүргіздік. Нәтижесінде үш заңды тұлғаға, үш лауазымды тұлғаға әкімшілік шара қабылданды, 4 адамға нұсқама берілді, — дейді Жанар Мұхамбеталина.