Педагог өзіне тікелей қатысты жұмыстармен ғана айналысуы керек - БҒМ

4 Маусым 2020, 11:50
1190
Бөлісу:
Педагог өзіне тікелей қатысты жұмыстармен ғана айналысуы керек - БҒМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халық алдында есеп беру кездесуі барысында айтты.

2019 жыл білім және ғылым саласы үшін өте маңызды жыл болды. Мұндағы ерекшелік білім беру ошақтарының қашықтан оқыту форматына ауысуы ғана емес, біріншіден, еліміздің тәуелсіздік тарихында алғаш рет "Педагог мәртебесі туралы" заң қабылданды. Екіншіден, 2025 жылға дейінгі білім және ғылым саласын дамытуға қатысты жаңа мемлекеттік бағдарлама бекітіліп, іске асырылып жатыр. Бұл құжаттардың білім және ғылым саласы үшін тарихи маңызы бар екені сөзсіз. "Педагог мәртебесі туралы" заң педагог мәртебесін арттыру мәселелерін шешуге, олардың міндетіне кірмейтін артық функциялар мен тексерулерден босатуға, материалдық және моральдық жағынан ынталандыруға бағытталған. Сондықтан, әрине, бұл мәселелер бүгінде күн тәртібінде тұрған ең басты мақсаттарды шешуге септігін тигізеді деп ойлаймын, - деді министр.
Сонымен қатар, министр барлық педагогтың демалысы 56 күнге ұлғайғанын айтты.
Жалпы, педагогтардың құқықтарын бұзу фактілері орын алған жағдайда тұрғылықты жері бойынша сапаны қамтамасыз ету департаменттері бар, сол департаменттердің құзыреттілігіне берілген мәселелер бар. Қазірдің өзінде осы санкциялар бойынша тиісті шешімдер қабылданды. Бірнеше облыста біздің әріптестерімізге, мектеп басшыларына болсын, ата-аналарға болсын осындай нақты жауапкершілік бойынша тиісті шаралар қолданыла бастады. Бұл жұмыстарды біз әрі қарай  да жалғастыра береміз. Ұстаздың мәртебесі біздің министрліктің алдында тұрған ең басты мақсаттардың бірі, - деді ол. 

Министр педагог қызметінің сапасы оқушылардың білім алу сапасына тікелей әсер ететінін жеткізді. Сондықтан, ұстаз өзіне қатысы жоқ функцияларға алаңдамай, балалардың білім алу мен тәрбиесі жолында қызмет етіп жүргенін түсінуі керек.

Ұстазға түсер ауыртпалықты азайту мақсатында құжаттар саны қысқартылды. Ұстаз жыл сайын тек екі құжатты ғана толтыруы керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстарды түбегейлі қарастырып жатырмыз. Бұл мәселелер мектеп мұғалімдеріне ғана емес, мектепке дейінгі ұйым педагогтеріне, колледж және жоғары оқу орындары педагогтеріне де қатысты. Педагог өзіне тікелей қатысты жұмыстармен ғана айналысуы керек. Бұған дейін қандай да бір нормативті мәселелер, тексерулер мен сұраныстарға қатысты жайттарды біз толық қарап, қазіргі таңда бұл кедергілер жойылды деуге болады, - деді Аймағамбетов.

Өзгелердің жаңалығы