Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Үкімет "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын мақұлдады.
"Педагог мәртебесі туралы" заң жобасы Елбасының тапсырмасы бойынша әзірленді. Жобаны әзірлеудің негізгі идеясы - мұғалімдердің жүктемесін азайту. Оларды өздеріне тән емес жұмыстарды орындаудан босату арқылы өзін-өзі дамытуға және шығармашылыққа мүмкіндік беру. Сондай-ақ кәсіби тұрғыдан дамуға және ұстаздардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жағдай жасау жоспарланған. Сонымен қатар педагог мәртебесін арттыру, оларды ынталандыру міндеті көзделеді. Мұғалімдердің жалақысын арттыруға, еңбек демалысын 56 күнге дейін ұлғайтуға, педагогтік шеберлік, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеуге бағытталған шаралар көзделеді. Жалпы, заң жобасын іске асыру мұғалім мамандығының мәртебесін арттыруға, педагогтар үшін қолайлы жұмыс жүйесін жасауға мүмкіндік береді", - деді премьер-министр Асқар Мамин.
Үкімет басшысының айтуынша, "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын әзірлеу басқа да заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді қажет етті. Үкімет отырысына жиналғандар негізгі және ілеспе заң жобаларына дауыс беріп, қолдау білдірді.
Премьер-министр Білім және ғылым министрлігіне заң жобаларын Парламент Мәжілісіне 1 қыркүйекке дейін енгізуді тапсырды.
Сөз соңында Асқар Мамин оқу жылының басталуына бірнеше күн қалғанын айтып, әкімдерге мектептердің дайындығын бақылауды тапсырды.