"Педагог мәртебесі туралы" заңда не қамтылған

28 Қараша 2019, 17:59
11307
Бөлісу:
"Педагог мәртебесі туралы" заңда не қамтылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары "Педагог мәртебесі туралы" заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. 

Осы өте маңызды заң жобасы арқылы қоғам үшін, болашақ үшін тағы бір нақты қадам жасадық деуге болады. Ұстаз әрбір мемлекеттің болашағын тәрбиелейтін, оларға білім беретін зор тұлға. Бүгін мақұлданған «Педагог мәртебесі туралы» жаңа заң ең алдымен мұғалімдердің мәртебесін күшейтуге, олардың абыройын қорғауға, сондай-ақ әлеуметтік жағдайын арттыруға арналып отыр. Бұл заң жобасы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленді және мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына қатысты алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған. Сондықтан екінші оқылымға дейін тағы да жан-жақты толықтырып, педагогтың барлық талаптарына сай келетін сапалы құжат қабылдаймыз деп сенім білдіремін, - деп атап өтті Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Заң жобасы 19 баптан тұрады және төрт бағытты қамтиды:

- ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту; 

- мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту; 

- материалды емес ынталандыру; 

- материалды ынталандыру.

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтардың жалақысы 25%-ға, төрт жылда екі есе өседі. Заң жобасында сынып жетекшілік пен дәптерлерді тексеруге екі есе көлемде үстемақы төлеу, еңбек демалысының мерзімін ұзарту сияқты шаралар қарастырылған. 
Педагог мәртебесін арттыру педагог мамандығының оң имиджін қалыптастыруға бағытталған кешенді шаралардан тұрады. Бүгін айтылған барлық міндеттер Үкімет пен Парламент қана емес, басқа да мемлекеттік органдар, қоғаммен бірлесе шешімін табуы тиіс. Осылай ғана тұтас кешенді шараларды қолдана отырып педагогтар мәртебесін арттыра аламыз, - деді Нығматулин.

Өзгелердің жаңалығы