Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. М. Катаев атындағы оқушылар сарайының эстетика бөлімінде «Сырмақ» қолөнер үйірмесі 2006-2007 оқу жылының қараша айынан бастап жұмыс істеп келеді, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
- Бұл жерде ұмытылып бара жатқан ұлттық қолданбалы қолөнерімізді жас ұрпаққа үйрету, қайта жаңғыртуға ерекше көңіл аударылады. Балалар ши тоқу, ши орау, жүнді түту, иіру, құрақ құрау, кесте тігу, ою-өрнекті ою тәсілдері және алаша тоқу, кілем гобелен тоқумен айналысады. Сондай-ақ балаларды әсемдікке баулуға бағытталған. «Сырмақ» үйірмесі қатысушыларының ұлттық қолөнерге деген сүйіспеншілігінің нәтижесінде балалардың шеберліктері жыл сайын шыңдала түсуде. «Сырмақ»үйірмесінің көрме қоры өте бай. Ал балалар өз жұмыстарымен қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық көрмелерге бірнеше рет қатысып, жүлделі орындарға ие болды, - деді Дәуірбек Жагслах.
Айта кетейік, бүгінде студияға әртүрлі қызығушылықтары бойынша 46 жеткіншек барады.- Сондай-ақ оқушылар сабақта форманы зерттейді, көрнекі материалдар мен технологиялардың қасиеттерін қарастырады. Әртүрлі көркемдік құралдарға жете білу балаға өзінің жеке шығармашылық қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар әртүрлі деңгейдегі көркемөнер сайыстарына дайындықпен және көрме жұмыстарын безендірумен айналысады, - дейді Дәуірбек Жагслах.