Павлодарлық студент 20 мың доллар көлемінде грант ұтып алды

3 Сәуір 2019, 09:36
2688
Бөлісу:
Павлодарлық студент 20 мың доллар көлемінде грант ұтып алды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ақпараттық технологиялар кафедрасының студенті Әділхан Рахымбеков «Сәби» қайырымдылық қорынан 20 мың АҚШ доллары көлемінде грант ұтып алды, деп хабарлады университеттің баспасөз қызметі.

Әділхан Рахымбеков өзінің «ITnation» жобасын өткен жылы іске қосты. Бағдарламаның басты мақсаты балаларды бағдарламалауға оқытуға бағытталған. Базалық курс 2,5 жылды қамтиды. Осы уақыт ішінде оқушылар бағдарламалаудың негізгі тілдерін меңгереді, Google-құжаттармен, поштамен жұмыс істеуді үйренеді, спам және антивирустардың ерекшеліктерімен танысады.

«Біздің негізгі аудитория – балалар, бірақ сонымен қатар біз студенттерді де дайындаймыз. Қазір Қазақстанның ІТ-компанияларымен байланыс жасап, оларға қандай мамандар қажет екенін білеміз. Мысалы, бағдарламаны оқып жатқан, бірақ төрт жылдан кейін кім болатынын әлі шешпеген жоғары сынып оқушылары мен студенттерді шақырамыз. Студенттер нақты компанияда нақты мамандық бойынша білім алады, бұл олардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін арттырады. Оқушылар базалық бағдарламалау мен компьютерлік сауаттылықты меңгеретін болады. Олардың оқып әрі ақша табулары үшін оқу кезінде біз оларға аутсорсингтік жобалар беретін боламыз», - дейді Әділхан Рахымбеков.

Сонымен қатар, Itnation-ның тағы бір бағыты – soft skills болып табылады, ол коммуникабельділік, топпен жұмыс істей білу дағдысы, ынталандыру сияқты қасиеттерді дамыту және тағы басқалары.

Айта кету керек, 2017 жылы Әділхан UPAY – ағылшын тілін үйрену және «Ауылдан» – жаңа фермерлік өнімдерді жеткізіп беруге тапсырыс мобильді қосымшаларын жасап, екі республикалық байқаудың жеңімпазы атанды.

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы