Павлодар облысының тұрғыны Анатолий Болковой ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқ жасауды табыс көзіне айналдырған, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Александр Болковой 20 жыл бұрын Павлодар трактор зауытында металл оюшы болып жұмыс істеген. Кейін ағаштан бұйым жасай бастады.
Қолөнер бұйымдарын жасау – қанымда бар қасиет. Әкем ағаш ұсташы-бригадир болған. Бұл істі енді жалғастырып жатқан жайым бар. 22 жыл бұрын ағаштан ұлттық нақыштағы ыдыстарды жасауды алғашқылардың бірі болып қолға алдым. Бүгінде нәпақа тауып жүрмін, - дейді қолөнер шебері.
Табақ, кесе, ожау, астау сияқты ыдыстардың барлығы Ертіс жағасында жайқалып өсетін талдан жасалады. Материалды қазір дайындау керек, яғни, жапырақтары түсіп, кеуіп жатқанда қолға алу керек. Ағаштар бір жыл бойы кебуі шарт. Ал жазда кесіп, әзірлесек, тал жарылып кетеді. Сондықтан, күзгі уақытты өткізіп алмау керек.
Кебу үрдісі бірнеше кезең бойынша жүзеге асырылады. Ағаш жабық әрі жел кірмейтін ғимаратта сақталуы керек. Желдету режимі дер бар. Күн көзінен де сақтау маңызды. Біраз кепкен соң кесек-кесекпен ойып, ыдыстың формасын жасай бастаймыз. Жұмыс осылай жалғаса береді. Кей элементтерді айшықтауға да болады. Мәселен, оюларды нақышына келтіреміз де, ыдыстың сыртын лакпен бояймыз. Ал ішіне күнбағыс майын құямыз. Шамамен 5 мм-ге сіңеді. Кейін бір жұмадай кебуі керек. Үлкен ыдыстарды жасау үшін тал, ал кесе жасауға жөке ағашын қолданамыз. Оны Ресейден әкелеміз, - дейді Анатолйй Болковой.
Анатолий Болковой сүйікті жұмысын отбасылық іске айналдырған. Ағаш даярлау кейзінде ұлы көмекке келеді. Ал қызы жасаған бұйымдарды әлеуметтік желілер арқылы саудалаумен айналысады.
Республика немесе облыстық деңгейдегі көрмелерге жиі қатысамын. Бұл бағытта қолдау бар. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде де өнімдерімізді жарнамалап, сатуға мүмкіндік бар, - дейді шебер.
Бүгінде экологиялық таза өнімге деген сұраныс жоғары.