Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің қан тамырлар хирургтері кіші жамбас варикозын жою операциясын меңгерді. Жергілікті дәрігерлер үшін шеберлік сағатын Нұр-Сұлтан қаласындағы №1 аурухананың мамандары өткізді.
Елордалық ангиохирург Евгений Мунның айтуынша, кіші жамбас варикозын жою отасы еліміздің мегаполистері мен бірнеше облыс орталығында енгізілген. Кей өңірлерде жаңа ғана жасалып жатыр.
Павлодарлық дәрігерлердің тәжірибесі мол. Емдау мекемелерінің материалдық әлеуеті де жоғары. Бұл операция түрі техникалық жағынан күрделі емес, 25-30 минутқа созылады. Кіші жамбас варикозы – медицинада өзекті мәселелердің бірі. Әдетте екі, үш баласы бар әйелдерде жиі кездеседі. Дертті емдемесе, аяқтағы тамырлар да кеңейе түседі. Өкінішке қарай, хирургиялық шараның бұл түрі кейі өңірлерде тарамаған. Елімізде соңғы алты жыл бойы жүргізіліп келеді» - дейді ангиохирург Евгений Мун.
Шеберлік сағаты барысында үш әйелге операция жасалды. Мамандардың айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында бір жылдың өзінде былтыр 100-ден астам ота жасалған. Осы жылы 200-ден асады деген болжам бар. Елордалық дәрігерлер хирургиялық шараның әдіс-тәсілдерін испаниялық әріптестерінен меңгеріп алған. Оны жасау үшін ангиограф құралы қажет.
Бұл шеберлік сағаты варикоздан зардап шегіп жүрген әйелдерге көмектесуге мүмкіндік береді. Азаматшалардың көбі кеңес алуға келмей жатады. Тек гинекологка барумен шектеледі. Ал бізде емдеуге мүмкіндік бар, - дейді мамандар.