Павлодарлық прокурорлар өндіріс ошақтарына жақын жерде шағын аудан салуға рұқсат бермеді

28 Ақпан 2024, 20:00
428
Бөлісу:
Павлодарлық прокурорлар өндіріс ошақтарына жақын жерде шағын аудан салуға рұқсат бермеді
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қадағалау орган өкілдері өндіріс ошақтарына жақын аумақта «Жастар» шағын ауданын салуға рұқсат бермеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Прокурорлар жаңа шағын ауданның жобалық-сметалық құжаттамасы жер заңнамасы мен сәулет талаптарына қайшы қабылданғанын жеткізді. Бұл Павлодар қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің қызметіне жүргізген тексеріс барысында анықталған.

Жергілікті атқарушы орган өнеркәсіптік объектілерінің максималды қашықтығын сақтамай, бұны есепке алмай әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді салуды жоспарлаған. Оның салдарынан санитарлық қорғау аймағы бұзылатын еді. Облыстық прокуратураның қадағалау актісі бойынша заңсыз құрылыс жоспардың күші жойылды. Кез келген өндірістік нысанның өз санитарлық аймағы болады. Ара қашықтың мың метрді құрауы керек. Әдеп жөніндегі кеңес қала әкіміне сәулет және қала құрылысы басшысын мемлекеттік лауазымынан босату бойынша ұсыныс жасады. Қазіргі уақытта оның орындалуы бақылауымызда, - дейді облыс прокурорының көмекшісі Қалжан Төребек.

Құрылыс көлемі 186 гектар. Бұл шағын ауданда көпқабатты үйлермен қатар әлеуметтік нысандар бой көтерілу тиіс еді. «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша орта білім беру нысанын салу да жоспарланған.

«Жастар» шағын ауданы екі жылу электр орталықтарына жақын орналасуы керек еді. Бұл жерде өзге де өндіріс ошақтары бар. Жалпы, облыс орталығында алдағы уақытта «Жастар» және «Затон» шағын ауданын салу жоспарланған.

Бірінші жоба Павлодар қаласының солтүстік өнеркәсіптік аймағында, ал екіншісі апатты үйлердің орнында жүзеге асырылуы тиіс болған. Нәтижесінде 12 500 пәтер қолданысқа беріліп, 33 мың тұрғынды баспанамен қамту көзделген.

Өзгелердің жаңалығы