Павлодарлық полицей “Алтын Батыр” күштік спорт түрлерінен әлем кубогында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қарағанды қаласында “Алтын Батыр” күштік спорт түрлері бойынша ашық әлем кубогы өтті. Жарысқа Үндістан, Греция, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей және Қазақстаннан екі жүзден астам спортшы қатысты. Павлодар облысының құрама командасының атынан полиция департаментінің қызметкері Әсел Әбдіраманова және ІІО ардагері Қанат Шакуов қатысты.
Күшті қарсыластармен шиеленіскен жекпе-жекте жоғары шеберлікті, ерік-жігерді және нағыз спорттық мінезді көрсете отырып, Әсел 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде гір көтеруде алтын медаль жеңіп алып, өз атағын тағы да қорғады.
Дене шынықтыру-құқық қорғау органдарындағы қызметтің маңызды аспектілерінің бірі. Біздің кәсіби қызметіміз өз міндеттерін орындауға дайын болу үшін керемет физикалық дайындықты қажет етеді. Менің алдымда тұрған міндет – барынша өз күшімді көрсету. Мен ойлағанның бәрі толығымен орындалды, – дейді Әсел Әбдіраманова.