Павлодарлық орманшылар тобынан қалып қойған тағы бір аққуды құтқарып қалды, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Қасиетті құс облыс орталығының маңындағы кәсіпорындардың аумағынан табылған. Әбден әлсіреген аққу ұша алмай, тобынан ажырап қалған.
Павлодар орман және жануарлар әлемін қорғау мекемесінің директоры Аждар Жүсіповтің айтуынша, аққу сұңқылдақ аққу тұқымына жатады.
Сұңқылдақ аққудың ұрғашысын мад дәрігерлері тексерді. Қанаттары сынбаған, денсаулығы тұрақты екен. Алдағы уақытта құс оңалуы керек. Біз оның дұрыс тамақтануын қадағалауымыз қажет. Күн жылынып, көктем келгенде қоршаған ортасына қайта жібереміз, - дейді Аждар Жүсіпов.
Қасиетті құс көктемге дейін Павлодарское ауылындағы шаңғы базасында тұрады. Бұл жерде тағы құстар бар. Мәселен, бір құстың аяғы зақымданып қалған. Ол да орманшылардың үздіксіз қарауында.
Айта кетейік, бірнеше күн бұрын орманшылар Павлодар облысындағы Ащысу көлінен адасып қалған аққуды тауып алған. Ол қиқылдақ аққу болып шықты. Аққулардың бірі президенттің кезектен тыс сайлауы күні, екіншісі бүгін табылған. Сондықтан, орманшылар қанаттыларды Сайлаубек пен Сайлаугүл деп әзілдеп атап кеткен.