Павлодарлық оқушылар екі миллионға жуық пластик қақпағын жинады

4 Маусым 2022, 12:08
1490
Бөлісу:
Павлодарлық оқушылар екі миллионға жуық пластик қақпағын жинады
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде «ЭКОboom» экологиялық акциясының қорытындысы шығарылды. Жастар арасында экологиялық мәдениет пен  табиғат тазалығы әдетін қалыптастыруға бағытталған шараға 24 мыңға жуық оқушы қуана қатысты.

Облыстық деңгейдегі акцияға қатысуға 185 мектептің балалары ниет білдірген. Нәтижесінде оқу жылы ішінде ұл-қыздар пластик бөтелкелердің 1 млн 800 мың данадан астамын жинап, бір жерге топтастырды. Қақпақшалар көп жиналғаны соншалық, оларды арнайы жүк машиналарымен тасымалдауға тура келді.

М. Катаев атындағы облыстық оқушылар сарайының әдіскері Әсем Аипованың айтуынша, зиянды қалдық саналатын пластик қақпақшалар қайта өңдеу кәсіпорындарына тапсырылады. Жиналған қаражат көмекке зәру балалардың есепшоттарына аударылады. 

Біздің мақсат – қамқорлыққа мұқтаж балаларға, мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерге көмек көрсету. Сонымен қатар, бұл әрекет арқылы оқушыларды қоршаған ортаны аялауға, бір-біріне мейіріммен қарауға және жақсылық жасаудан жалықпауға баулу. Балалардың белсенділігі жоғары. Қуаныштымыз, - дейді Әсем Аипова.

Экоакция аясында 1 тоннадан астам пластикалық қалдық жиналды. Айта кетейік, ауқымды шара соңғы төрт жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Оған қатысамын деген оқушылар саны жылдан жылға көбейіп келеді.

Өзгелердің жаңалығы