Ертіс өңіріндегі Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қызметкерлері Алаш қайраткері, жазушы Қошмұхамбет Кемеңгеровтің «Қазақ тарихынан» атты кітабын тапты, деп хабарлайды BAQ.KZ Павлодардағы тілшісі.
Музей қызметкерлерінің айтуынша, құнды жәдігер «Алашордашылар ізімен» атты экспедиция барысында табылды.
Кітаптың жағдайына келетін болсақ, 15 парағы сақталған. Мазмұны мен басты беті жақсы сақталған. Бірақ, үлбіреп қалған беттері мен оқуға жарамсыз болып қалған бөлшектері де бар. Бұл туынды 1923 жылы алғаш рет «Темірқазық» журналында басылған. Онда «Қазақтың қысқаша тарихи-саяси тарихынан» деген материал жарық көрген. Бұл кітапты Қошке Кемеңгеровтің тарыхқа қатысты жазған алғашқы зерттеуі деуге болады. Мазмұны бойынша жер, оқу, дін, дәстүр жайлы жазылған. Осы мәселелер қамтылған. Біздің пайымдауымызша, кітаптың басқа да парақтары табылып қалуы мүмкін. Себебі, музей қорында зерттелмеген парақтар жетерлік, - дейді араб тілінің маманы Әділбек Әміренов.
Кітаптың жазылу стилі Ахмет Байтұрсыновтың реформасынан кейінгі қазақ әліпбиімен жазылған. Мәскеуде басылып шыққан.
Бұл кітаптың кезінде төрт мың данамен жарық көргені тарихтан белгілі. Бізден табылып отырғаны бір-ақ дананың бөлігі. Алаш қайраткерлерінің шығармалары мен кітаптардың барлығы жойылған. Сақталғаны тек халықтың қолында. Қазіргі уақытта зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Халық бұл кітаптарды Құранның жанында сақтап қояды. Себебі, арабша жазылған, - дейді мамандар.
Айта кетейік, «Алашордашылар ізімен» экспедициясы барысында бұған дейін ұлы Абай мен Ахмет Байтұрсыновтың еңбектерінің түпнұсқаларын тапқан. Алдағы уақытта олардың барлығы конференция барысында қалың жұртшылыққа ұсынылады.