Ертіс өңірінің «Майдан жолы» іздестіру жасағының белсенділері Қонаев қаласындағы №32363 әскери бөлімінде жаңа тарихи музей құру бастамасын қолдап, жәдігерлерді тарту етті, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Тарихи музей құру бастамасын гвардия подполковнигі Асқар Қашағанов көтерген болатын. «Майдан жолы» іздестіру жасағының командирі Александр Шитов кескілескен соғыс болған жерлерде жүргізілген экспедициялар барысында табылған жәдігерлерді сыйға тартты. Ұлы Отан соғысы туралы сыр шертетін экспонаттар қазба жұмыстары барысында табылған.
Батыр ата-бабаларымыздың есімдерін ұмытпау, тарихи әділдікті қалыптастыру және ерлеріміздің ерлігін ұмытпау – ортақ борышымыз. Іздістіру жасақтары бұл бағытта тынымсыз еңбек етіп келеді. Отрядтар жеңімпаз батырларымызды ардақтап, ерлігіне тағзым ететін жүздеген азаматтың басын қосады, - дейді Павлодар облысы бойынша қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары Алмас Бұхарбаев.
Айта кетейік, «Майдан жолы» жасағы осы күнге дейін алыс-жақын шетелдерден ұрыс орындарынан мыңға жуық жәдігерді әкелді. Қару-жарақ, жеке заттар, медаль және өзге де бұйымдар қазақстандық сарбаздарға тиесілі болған. Олардың бір бөлігі музейлердің қорларына берілсе, бір бөлігі мектептердің естелік бұрыштарында сақтаулы.