Павлодарлық ғалымдар дәрілік өсімдіктерді зерттеуде

16 Мамыр 2022, 21:00
2843
Бөлісу:
Павлодарлық ғалымдар дәрілік өсімдіктерді зерттеуде
PHOTO
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысының ғалымдары дәрілік өсімдіктерді зерттеу арқылы көшпенділердің медицинасын жаңғыртпақ. Бұған дейін салалық министрлік тарапынан ұтып алған грантқа кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізген.

Торайғыров университетінің биология ғылымдарының кандидаты  Виктор Камкин дәріік өсімдіктерді зерттеумен айналысып жүргеніне 10 жылдан асқан. Кешенді зерттеу нәтижесінде жанға дауа болатын өсімдіктер түгенделген. Нәтижесінде облыс аумағында олардың 192 түрі өсетіндігі анықталған. Өсімдіктердің 50-ден астамы дәрі-дәрмек өндірісінде кеңінен пайдаланылады.

Павлодарлық ғалымдар дәрілік өсімдіктерді зерттеуде

Виктор Камкиннің айтуынша, шипалы өсімдіктер мен шөптерді алқаптарда өсіруге мүмкіндік бар. Нәтижесінде денсаулыққа пайдалы препараттарға қосылатын шикізат қорын әзірлеуге мүмкіндік бар. Бұл – көпжылғы зерттеулердің нәтижесі.

«Баянауыл» ұлттық табиғи паркі, Ертіс өзенінің жайылымы мен «Ертіс орманы» табиғи резерватының аумағында емдік өсімдіктердің жүздеген түрі кездеседі. Бағалы өсімдіктерді өзіміз үшін пайдаланылмай отырмыз. Бізде Алтай өлкесінде кездеспейтін түрлері де бар. Біздің мамандарда тәжірибе ғана жоқ. Біз Железин ауданында 2,5 гектарлық жерде «иван шай», оралдық мия және тобылғы өсімдіктерін отырғыздық. Емдік шөптер жақсы өсті. Яғни, шикізат жасауға болады, - дейді Виктор Камкин. 

Мамандардың айтуынша, шөптерді фито-шай әзірлеуге болады. Қазақстанда бұл бағыт кенже қалып отыр. 

Павлодарлық ғалымдар дәрілік өсімдіктерді зерттеуде

Пандемия кезінде шетелдік дәрілерге тәуелді болып қалдық. Шөптер мен иммунитетті көтеретін препараттарға сұраныс артты. Сайып келгенде, бұл өсімдіктердің барлығы өзімізде өседі. Тек пайдалана алмай отырмыз. Мәселен, «иван шай», яғни, жартасты кипрей біздің өңірде көп өседі. Оның құрамында улы заттар жоқ. Түр-түсі, иісі мен дәмі жағымды. Коронавирустық инфекцияға қарсы ем кезінде қолданылады. Неге оны бізде өндірмеске? - дейді Виктор Камкин.

Ғалымдардың айтуынша, дәрілік өсімдіктер тұздалып қалатын немесе эррозияға ұшыраған топырақты сақтай алады. Егер шаруа қожалықтары бұл іске араласса, құнарсыз жерлер де болмас еді. Мәселен, Баянауыл өлкесіндегі өсімдіктерден фито-шайлардың ұлттық брендін жасауға болады. Кейін дәрілік өсімдіктер шаруашылығын өндірістік деңгейге көтеруге болады.

Өзгелердің жаңалығы