Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Таяуда НАСА америкалық ғарыш агенттігінің «Персеверанс» («Табандылық») ровері қызыл планеті бетіне жетті, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Миссияны ұшырмастан бұрын НАСА Жер тұрғындарына өз есімдерін ғарыш кемесімен бірге Марсқа жөнелтуді ұсынды. Мәліметтер ровердің арнайы чипінде орналастырылды. Есімдерді тегін жіберіп, ол үшін агенттік сайтындағы анкетаны толтыру қажет болатын.Аталмыш акцияға барлығы 10 миллионнан астам Жер тұрғындары қатысты. Олардың арасында павлодарлықтар да болды.
2019 жылы қызым Нұрдана НАСА акциясына қатысып, сол арқылы қызыл планетаға «бірге ұшайық» деп ұсынды. Оған қарындасым Динара Есергепова да қатысты. Міне таяуда марсоходпен бірге Марсқа біздің есімдеріміз жазылған кремний чиптері де қонды. Жердің 10 миллион тұрғынымен бірге қызым екеуміздің де есімдеріміз барып қалды, - дейді павлодарлық Сәуле Көпбергенова.
«Марс 2020» миссиясына енетін «Персеверанс» мақсаты – планетада бұрын өмір болған-болмағанын зерттеу әрі топырақ үлгісін алып, Жерге жеткізу. Одан бөлек, ровер Марсқа болашақта баратын роботтар мен адамдардың миссияларында қолданылатын технологияларды сынайды.
Миссия 2020 жылдың шілдесінде жөнелтілген.