Павлодарлық полицейлер өртеніп жатқан көліктен жас жігітті құтқарып қалды

5 Қараша 2020, 01:45
1334
Бөлісу:
Павлодарлық полицейлер өртеніп жатқан көліктен жас жігітті құтқарып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысының полицейлері жанып жатқан көліктен жас жігітті шығарып алды, деп хабарлайды Polisia.kz.

2020 жылғы 3 қараша күні сағат 17.30 шамасында  Павлодар – Екібастұз автожолының 10-шы шақырымында Toyota-Emina автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі бұрылу кезінде Ауди С-100 маркалы автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Ауди С-100 автокөлігі өртене бастаған.

Қатты соққыны естіп, жанып жатқан көлікті көрген полицейлер дереу оқиға орнына барады. Полицейлердің бірі оқиға орнына өрт қызметінің мамандары мен медициналық көмек шақырса, екіншісі жанып жатқан көлікке жүгірген.

Жолаушылардың барлығы дерлік көліктен шыға алған. Алайда аяғы орындық пен панельдің арасына қысылып қалған жас жігіт өздігінен көліктен шыға алмаған. Өрт автокөліктің салонын шарпуына байланысты жарылыс болу қаупі төнген, себебі машина газ баллонымен жабдықталған еді, - делінген хабарламада.
Полиция қызметкері жігіттің аяғын босатып, оның жол жиегіне жетуіне көмектескен. Машина бірнеше минут ішінде түгелдей өртеніп кетті.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Ауди С-100» автокөлігінің екі жолаушысы түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.

Өзгелердің жаңалығы