Павлодарлықтар аялдамада тұрып қазақ тілін үйрене алады

24 Маусым 2020, 02:25
2652
Бөлісу:
Павлодарлықтар аялдамада тұрып қазақ тілін үйрене алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларында мемлекеттік тілді дамыту мақсатында қоғамдық көліктер мен аялдамаларда қазақ және орыс тілінде жазылған 15 мың сөз ілінуде, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, тілдерді дамыту және латын графикасына көшіру бөлімінің басшысы Ержан Төкенов мәлім етті.
"Рухани жаңғыру" бағдарламасын іске асыру шеңберінде және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын барынша кеңейту және оны қоғамның тыныс-тіршілігінің барлық саласына енгізу мақсатында басқармамыздың бастамасымен "Стикер" жобасы жүзеге асырылуда. Іс-шара барысында Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларындағы аялдама павильондарында, автобус, трамвайларда 15 000 қазақ және орыс тілдерінде жазылған сөздері бар стикерлер жабыстырылуда, – деді Ержан Төкенов.
Сондай-ақ, қаланың орталық көшелерінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған қазақ тілінде жазылған нақыл сөздері бар 3 билборд орнатылды.
Әр стикерде күнделікті өмірде керек сөздер жазылған. Бір стикердегі сөздер әртүрлі салаға қатысты. Жолаушылар немесе аялдамада көлік күтіп тұрған адамдар жеңілдетілген түрде әр саладан бір-бірлеп болсын сөздерді жаттай беруіне болады. Қызығушылығы оянған азаматтар арнайы курстарға жазылып, тілді меңгеруіне мүмкіндік бар, – деді бөлім басшысы.  
Айта кетейік, аталған жобаны ұйымдастыруға еріктілер, жастар және қоғам белсенділері атсалысуда.

Өзгелердің жаңалығы