Павлодарлық саябақта кардиологтар тұрғындарды тегін қабылдады

27 Шілде 2019, 18:29
1807
Бөлісу:
Павлодарлық саябақта кардиологтар тұрғындарды тегін қабылдады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қалалық демалыс және мәдениет саябағында медицина қызметкерлері қала тұрғындары мен қонақтарының қан қысымын мен жүрек соғысын тексерді. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

Ақ желеңділер салауатты өмір салтын сақтау және физикалық жағдайға көңіл бөлуге қатысты әртүрлі кеңес берді.   

«Мысалы, жүрегі ауырған адам жылдам шаршап қалады, демікпе пайда болады. Мұндай белгілер пайда болған жағдайда дереу дәрігерге жүгіну керек. Тұрғындар көбінесе жай ғана арқасы, тамағы ауырып тұр деген оймен дәрігерге кеш барады. Нәтижесінде инфаркт алады. Сондықтан психикалық-эмоционалдық жүктеме кезінде арқасы, қолы, жүрек тұсы ауырып, қандай да бір қорқыныш пайда болуы мүмкін. Бұл белгілер 10-15 минут тоқтамаса, жедел жәрдемге жүгіну қажет», - дейді аритмолог Бауыржан Ерболатов.

Аритмологтың айтуынша, ер адамдар арасында бірінші кезекте артық салмақ қосқан, көп қозғалмайтын және шылым шегетін жандар 65-70 жас аралығында жүрек ауруына шалдығуға бейім келеді.

Балаларды қабылдаған балалар кардиологы Әсем Сәрсекеева қазіргі таңда облыстық кардиологиялық орталықта нөлден 15 жасқа дейінгі 10 бала ем алып жатқанын айтады. Негізгі диагноз – жүректің туа біткен ақауы.  

«Жүрек аурулары бала туғаннан кейін де пайда болуы ықтимал. Оған әртүрлі жағдай себеп болады. Алғашқы үш айда анасы вирустық ауруға шалдығып, антибиотиктер ішуі, сондай-ақ, тұқымқуалаушылық факторлар әсер етуі мүмкін. Жалпы, жүктілікті жоспарлау қажет. Ата-ананың екеуін де іштегі инфекцияға тексерген дұрыс», - дейді ол.

Айта кетерлігі, акция кезінде кардиологтарға қан қысымы жоғары ер адам жолықты. Ол отбасымен саяхатта серуендеп жүрген. Оған дереу жедел жәрдем шақырып, медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ, тағы екі тұрғынға қан қысымын төмендету үшін дәрі ұсынылды.

 

Өзгелердің жаңалығы