Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Инвесторлар үйінде» Еуразиялық экономикалық комиссияның Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу бойынша қоғамдық қабылдау комиссиясының отырысы өтті, деп жазды pavlodarnews.kz.
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының ұйымдастыруымен өткен кеңес барысында Бәсекелестік және антимонопольдік реттеу министрі коллегия мүшесі секретариатының басшысы Ильяс Ыбыраев Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде кәсіпкерлеріне бірдей нарықтық жағдай жасау бағытында қыруар еңбек атқарылып жатқанына қарамастан, олқы тұстар кездесетінін айтты."Бүгінде тауарлар, қызметтер, жұмыс күші мен капиталдың еркін айналымында кедергілер әлі толығымен алынып тасталған жоқ. Дегенмен, соңғы жылдары 40 кедергінің алынып тасталуына қолқабыс жасадық. Қазақстанның бес өңірінде болып, кездесетін проблемалардың көбінде-көп ұқсас келетініне көз жеткіздік", - дейді Ілияс Ыбыраев.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментінің директоры Әлия Жұмабаеваның айтуынша, кемшін тұстар мемлекеттік сатып алулар кезінде жиі кездеседі. Соның салдарынан одақ елдерінің осы саладағы өзара сауда-саттық деңгейі төмен. Оған әрбір елдің дербес банк жүйесі кедергі болып отыр. Еуразиялық экономикалық комиссия өкілдерінің жеткізген ақпаратына сәйкес, ЕЭО елдерінің мемлекеттік сатып алулардың жалпы құны 123 миллиард АҚШ долларын құрайды.
Сонымен қатар, отырыс барысында Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелері павлодарлық кәсіпкерлердің мұң-мұқтаждарымен танысты. Жергілікті іс адамдарының біразы Ресейде бизнес жүргізудің ауырлығын атады. Солардың бірі «Айсберг-ПВ» ЖШС басшысы Михаил Желнов көршілес елде жергілікті кәсіпкерлер мен басқа елдің тауар өндірушілеріне теңдей жағдай жасалмайтынына қынжылыс білдірді.
"2016 жылдан бастап Ресей нарығына ет және сүт өнімдерін жеткізе бастадық. Мәскеуде ресми өкілдік ашып, Омбы, Томск, Новосібір және басқа да қалаларға өнімдерімізді жеткізе бастадық. Тауар партияларын ұлғайта бастаған сәтте біздің өнімнен ішек таяқшасы табылды. Пісірілген өнімде ондай болуы мүмкін емес. Десек те, өнімді тасымалдауға тыйым салынды", - дейді Михаил Желнов.
«Айсберг-ПВ» ЖШС басшысының айтуынша, павлодарлық өнім ресейлік тұтынушыларға ұнағанымен, сол елдің құзыретті органдарының әрекеттері кесірінен компания көршілес елдің нарығынан кетіп, көптеген адамдарды жұмыстан шығаруға мәжбүр.
«Казэнергосервис» ЖШС директоры Юрий Страхов ресейлік шекара алдындағы жүк машиналарының ұзын-сонар кезегі туралы айтып, мұның тауардың бүлінуіне тікелей себепкер екендігін атады.
«SMAK-PV» ЖШС өкілі Евгения Михайлова да осы мәселеге тоқталып, жүк көліктерінің 30 сағат бойы шекарадан аса алмағанын өкінішпен жеткізді.
Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бәсекелестік саясат және мемлекеттік сатып алу саласындағы саясат департаментінің директоры Әлия Жұмабаева аталған мәселелердің барлығын қабылдап, олардың шешілу жолдарын іздестіретініне сендірді.
"Бұл үлкен проблема. Бұған екі елдің шекара бекеттерінің толық жабдықталмағаны да, фитосанитарлық процедуралардың көптігі және басқа да себептер әсер етуі мүмкін. Біз бұл мәселені жіті білеміз және оны жан-жақты талқылайтын боламыз", - деді Әлия Жұмабаева.