Павлодарлық кәсіпкер заманауи технологиямен жабдықталған аялдамалар қоюды ұсынды

5 Маусым 2019, 19:56
1921
Бөлісу:
Павлодарлық кәсіпкер заманауи технологиямен жабдықталған аялдамалар қоюды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Open Pavlodar операциялық залында қала әкімі Әнуар Күмпекеев «Кәсіпкер сағаты» жобасы аясында 10 кәсіпкерді әртүрлі сұрақ бойынша қабылдады. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайтында хабарланды.

Олардың ішінде Эдуард Гусамов қыс және жаз мезгіліне арналған, заманауи үлгіде жабдықталған аялдамалар орнату үшін жер телімін беруді өтініп келген. «Бұл аялдамаларда жазда кондиционер жұмыс істейді, қыста жылытылып тұрады. Көлік тосып тұрған жолаушылар үшін ыңғайлы болары сөзсіз. Қала әкімі жобаны бекітіп, құжаттарды дайындауды тапсырды. Қасына өз қаражатыма сауда нүктесін ашқым келеді. Қазіргі таңда Пахомов көшесінде тұрған қолданыстағы аялдама адамдарды жеткілікті деңгейде қорғамайды», - деді ол.

Ал 20 жылдан бері сағат жөндеумен айналысатын Юрий Кораблев 1 Мамыр-Урицкий көшелерінің қиылысында шеберхананы жалға алу мерзімін ұзарта алмай жүргенін айтады.

«Оған шеберхананың тротуарда орналасқаны сылтау болса керек. Бұған дейін 20 жыл бойы заңсыз деп есептелмеген. Сондықтан тым болмағанда бір жылға ұзарту туралы өтінішпен әкімге келдім. Соңғы рет жер қатынастары бөліміне барғанымда осындай кедергіге тап болдым. Бұл істен түсетін табыс үлкен емес, дегенмен бұл отбасылық өнер. Бұған қоса, сағат жөндеу шеберлері көп емес», - дейді Юрий Кораблев.

Әнуар Күмпекеевтің айтуынша, ай сайын өтетін «Кәсіпкер сағаты» жобасына кем дегенде 10 адам келеді. Мәселен, бүгінгі алты адамның мәселесі оң шешімін тапқан болса, үшеуі бойынша жер телімін аукционға қою үшін уақыт керек. Сондай-ақ, былғары бұйымдарды тігетін ательенің жұмысы үшін айналымға қаражат сұраған «Жұлдыз» жеке кәсіпкерлігінің иесіне «Даму» қоры тарапынан кеңес берілді.

«Шағын және орта бизнесті дамытуды қолдаудағы басты мәселе - орталықтандырылған жылуға қосылу. Қаланың жабық аймақтары бар. Жылу жетпейді. Басты жоспарға түзетулер енгізіліп, оған техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама дайындалуда. Жеке сектордан және мемлекеттік бюджеттен инвестиция тартылуда. Екі жылдың ішінде бұл мәселе шешімін табады деген ойдамын. Тағы бір мәселе - биліктің бизнеске ашықтығы және барынша қағазбастылықты төмендету. Бизнеске ұсынуға болатындай 11 шақты аялдаманы таңдап алдық. Қасына дүкен мен тамақтанатын орынның жұмысына рұқсат береміз», - дейді қала әкімі.

Өзгелердің жаңалығы