Павлодардың бизнес қауымдастығы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинады

5 Сәуір 2024, 12:13
252
Бөлісу:
Павлодардың бизнес қауымдастығы су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жинады
Фото: BAQ.KZ -архив

Ертіс өңіріндегі «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төтенше жағдай жөніндегі штабы су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмек жинап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Қазіргі уақытта кәсіпкерлер судан үйлері бүлінген азаматтар үшін қаражат жинап жатыр.

Бизнесмендер жинаған қаражат кейін судан зардап шеккендердің шығындарын өтеуге жұмсалады. Сонымен қатар, қажетті азық-түлік, киім немесе тұрмысқа қажет заттарды сатып алуға бағытталады, - дейді жергілікті кәсіпкерлеп палатасының директоры Ерқанат Әбенов.

Осы күнге дейін халықтың қиын жағдайына бейжай қарамаған кәсіпкерлер 628 000 теңге жинап қойды. Бизнесмендер, сонымен қатар, судан зардап шеккен әріптестеріне де көмектесуге ниетті.

Кәсіпкерлер палатысының жанынан арнайы штаб құрылды. Мамандар халықтың өтініштерін қабылдайды. Екі күн ішінде жеке кәсіпкер Ғалия Ержанованың хабарламасы түсті. Кәсіпкердің кеңсесі мен жер учаскесі қар суының астында қалып қойыпты. Оның айтуынша, қарғын су жақын маңдағы қар полигонынан келген. Бүгінгі таңда су деңгейі айтарлықтай төмендей қоймады. Кәсіпкер атқарушы органдарға да хабарласқан, дегенмен, мардымды жауап ала алмапты, - дейді кәсіпкерлер палатысының баспасөз хатшысы Александр Вервекин.

Ғалия Ержановаға су сору техникасы қажет. Аумақты қорғайтын құм үйіндісін де көтеру керек. «Атамекен» жанындағы штаб мүшелері хабарламаны Павлодар қаласы әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаментіне тікелей жеткізді.

Айта кетейік, облыс орталығында судан зардап шеккендерге көмек жинау орны бар. Қазіргі уақытта жастар бастамаларын қолдау орталығында азық-түлік, дәрі-дәрмек пен тұрмысқа қажет заттар жиналып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы