Павлодар қаласының іргесіндегі қызғылт түсті Коряковка көлінің жағдайын арнайы комиссия тексерді, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Өңір тұрғындары тұзды көлдің экологиялық жағдайына алаңдап, дабыл қаққан еді. Себебі, қазіргі уақытта жалпы аумағы 1100 гектарлық су айдыны кеуіп жатыр.
Айлайда эколог-мамандар көлдің таязданып, тартылуы табиғи құбылыс деген пікірде. Өткені Коряковкадағы су қоры қардың еруі, жауын-шашын есебінен жиналады. Ал қазіргі уақытта өңірді аптап ыстық ауа райы сақталып отыр. Осындай жағдай соңғы рет 83 жыл бұрын тіркелген.
ҚР Экологиялық аудиторлар палатасының мүшесі, техника ғылымдарының кандидаты Ахан Өмірбектің айтуынша, көлдің тартылуы мен қызғылт түсінің өзгеруі - қалыпты жағдай.
Дәл осындай үрдіс миллиондаған жылдар бойы қайталанып келеді. Бұған қардың аздығы, жаздың ыстықтығы себеп. Бірегей көлдің өзі табиғатынан тым таяз. Сондықтан, тіршілік нәрі буланып, көлдің өзі кеуіп жатыр. Бұл су айдынында «дунаниелла» атты балдыр тіршілік етеді. Бұл биота гүлдеген кезде су қызғылт түске боялып шыға келеді. Сәйкесінше, су қоры болмаса, өсімдік те өспей қалады. Бұл өсімдік те тұзды көлдерде кездеседі. Сол себепті алаңдауға негіз жоқ. «Дунаниелла» экстремалды ыстық ауа райында өліп қалмайды. Су пайда болғанда, балдыр қайта жанданады, - дейді Ахан Өмірбек.
Белгілі болғандай, қызғылт түсті көл аса қорғалатын табиғи нысандардың тізімінде жоқ. Экология министрлігі өкілдерінің айтуынша, объектіні қорғау шараларына қаражат қарастырылмаған.
Министрлік тарапынан көлді сақтап қалу бойынша қаражат бөлу жоспарланған. Біз зерттеу барысында тұзды көлдегі Артемия шаяндарының бар-жоғын қарадық. Сәйкесінше, шаяндарды өсіруге болмайтынына көз жеткізді. Яғни, перспективалы объект емес, - дейді ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ермек Омаров.
Экологтардың пайымдауынша, көлдің жағдайына тұз өндірісі кері әсерін тигізбейді. Себебі тұз қазу жұмыстары - әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан кәсіп. Десе де, оның аумағында адамдардың бекберекет жүруін бақылап, тоқтату қажет.
Бұл жерде 18-ші ғасырдан бері тұз алынып келеді. Бүгінгі таңда Коряковканың Шығыс бөлімінде жер қойнауын пайдаланушы кәсіпкер тұз өндірісін қолға алған. Бір жылда 6 мың тоннаға жуық өнім алынып, химия, мұнай, коммуналдық сала тұтынушыларына жөнелтіледі. Кәсіпкерлер экологиялық талаптарды қатаң сақтайды.
Еске сала кетсек, пандемия жылдары Коряковка қызғылт түсті болып, туристердің назарын аудартқан. 3 жыл бұрын көлге жүздеген тынығушы келіп, сұлулығына таң қалған.