Павлодардағы полицейдің қос азаматтығы бар екендігі анықталды

10 Желтоқсан 2020, 11:26
3201
Бөлісу:
Павлодардағы полицейдің қос азаматтығы бар екендігі анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының жалпы отырысында Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған  мемлекеттік қызметшілер арасында қос азаматтықты анықтау бойынша қабылданған шаралардың тиімділігі талқыланды.

Осы жылдың 11 айында қос азаматтыққа байланысты 431 фактіні анықтадық. Оның екеуі - Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарындағы мемлекеттік қызметшілерге қатысты болып отыр,- деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди.

Ол бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар ТМД елдерінің Минск пен Кишинев құқық қорғау органдары арасындағы конвенциялар шеңберінде жүзеге асырылып жатқанын айтты.

Шынын айту керек, бізде әзірге Ресей Федерациясынан дұрыс жауап жоқ. Әйтпесе, ТМД-ның басқа мүшелерінің бәрімен тығыз қарым-қатынасымыз бар. Біз бұл ақпаратты тексереміз. Павлодар облысындағы қос азаматтығы бар азамат - ішкі істер органының қызметкері болып шықты.  Бірақ жұмыс көпшілік алдында да, жедел-іздестіру қызметі барысында да жүзеге асырылады. Біздің әріптестерімізбен өзара түсіністік бар. Негізінен бүкіл әлемде жұмыс дәл осылай - ресми өтініштер бойынша және жедел жұмыс негізінде атқарылады. Ол жұмыс әрі қарай жалғасады. Ең қиыны, Ресей Федерациясымен келіссөз жүргізуіміз болып отыр, - деп мойындады вице-министр.
Сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова мемлекеттік қызметкерлер арасындағы қос азаматтықты анықтауға байланысты түсініктеме берді.
Мемлекет басшысының Жолдауында қос азаматтықты анықтау туралы айтылған. Оны анықтайтын уәкілетті орган - Ішкі істер министрлігі. Бірақ қазір біз мемлекеттік қызметкерлермен жұмыс істей бастадық. Әрине, бұл процеске Мемлекеттік қызмет агенттігі де қатысады. Жалпы, қос азаматтыққа қатысты Ішкі істер министрлігінің Сыртқы істер министрлігімен ынтымақтастығы бар.  Осылайша, уәкілетті органдар қызметшілер үшін - Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігі және ҰҚК болып табылады.  Біз бұл жұмысты бастадық, бірақ соңғы механизмді осы заң қабылданып, Мемлекет басшысы қол қойғаннан кейін толықтай қолға алатын боламыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы