Павлодардағы әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады

17 Қыркүйек 2024, 17:17
263
Бөлісу:
Павлодардағы әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады
Фото: Артём Чурсинов - архив

Павлодар облысында әлеуметтік нысандарға жылу беріле бастады. Ендігі кезекте – көпқабатты тұрғын үйлер, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Облыс орталығында жылыту маусымы әдеттегіден бір апта ерте басталды.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың айтуынша, қазіргі уақытта өңірдегі әлеуметтік мекемелердің 83%-ы жылу желісіне қосылды.

Аудандардағы әлеуметтік нысандар алдағы бірнеше күнде толық жылытыла бастайды. Облыс орталығындағы 1300-ден астам көпқабатты үйдің 82-cі қосылды. Қалғаны біртіндеп жылытылады, - дейді Ержан Иманзаипов.

Айта кетейік, облыста жылу маусымына дайындық аясында ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Басты мақсат – тозығы жеткен коммуналдық инфрақұрылымды жөндеп, іске қосу. Нақтырақ айтқанда, Павлодарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарлама бойынша тозығы жеткен екі учаскеде күрделі жөндеу жүріп жатыр.

Мамандардың хабарлауынша, жазда дайындық шеңберінде энергия тарату кәсіпорындарының 28 нысанында күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынған. Ал жылдар бойы өзекті мәселеге айналып келген Лесозавод және Радиозавод шағын аудандарын сапалы жылумен қамту үшін сорғы станциясы реконструкциядан өтуде.

Облыс орталығындағы жылу желілерінің тозу деңгейі 92%-ды құрайды. Олардың жалпы ұзындығы - 830 шақырым. Жылу тарату құбырларының сенімділігі мен сапасын жақсарту мақсатында 1,8 млрд теңге бөлінді. Инвестициялық бағдарлама аясында арнайы техниканың 43 бірлігін сатып алу жоспарланған. Бұған 104 млн теңге жұмсалмақ. Заманауи техника құралдары ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстарының сапасын айтарлықтай арттырады, - дейда мамандар.

Өзгелердің жаңалығы