Павлодарда жол ережесін бұзуды тіркейтін автокөлік жұмыс жасауда

2 Шілде 2021, 01:26
1438
Бөлісу:
Павлодарда жол ережесін бұзуды тіркейтін автокөлік жұмыс жасауда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарда жол ережесін бұзуды тіркейтін бейнекамерасы бар автокөлік жұмыс жасауда. Автокөлік жол ережесін анықтап, оны патрульдік полицияға жіберіп отырады, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 10 мамырдан бастап әкімшілік құқық бұзушылықтардың және жол қозғалысы қауіпсіздігінің алдын алу үшін облыс орталығында жол қозғалысы ережелерін бұзуды тіркейтін жасырын бейнебақылауы бар автомобиль жұмысқа кіріскен.
Автомобиль бейнетіркеу камераларымен және радиостанциямен жабдықталған. Жасырын патрульдеу жолдың ең күрделі учаскелерінде, яғни жүргізушілердің бұзушылық жасау ықтималдығы жоғары, кептелістер жиі болатын жерлерде жұмыс жасайды. Егер инспектор қандай да бір бұзушылықты байқаса, ол оны камераға тіркейді және осы учаскеде қызмет атқаратын патрульге сигнал береді, – деді Павлодар қаласы патрульдік полиция батальонының командирі Ренат Шәріпов.

Бұл ретте, автокөліктің маркасын, оның түсін және тіркеу нөмірін хабарлайды. Егер ол өз кінәсін мойындамаса, жасырын патрульдің көлігінде түсірілген бейнежазбаны көрсетеді.

Жасырын патруль жол қозғалысы ережелерін бұзудың барлық сәттеріне назар аударады, оның ішінде: бағдаршамның қызыл сигналына өту, тыйым салынған жерде бұрылу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу және басқа да бұзушылықтар.

Сонымен қатар, патруль автокөлік жүргізушілерінің жүргізілу тәсіліне де назар аударады, бұл мас жүргізушілерді анықтауға көмектеседі. Жасырын патруль тек жүргізушілердің бұзушылықтарын немесе күдікті әрекеттерін тіркейді және сигналды қабылдайтын және бұзушыны тоқтататын автопатрульге сигнал береді, – деді Ренат Шәріпов.

Қалада жасырын патруль жұмыс істей бастағаннан бері 50-ге жуық бұзушылық анықталған. Олардың ішінде 29 жүргізуші жол белгілері мен таңбалардың талаптарын сақтамағаны үшін, 10 – маневр жасау ережелерін бұзған, 5 – бағдаршамның тыйым салатын сигналына өткен және 4-еуі жаяу жүргіншіге жол бермеген.

Полиция мұндай жасырын патрульдер жүргізушілерді ұқыпты болуға және жол ережелерін бұзбауға ынталандыру үшін енгізілгенін айтады. Бұл көптеген жол ережесін бұзғадарды анықтауға көмектеседі және жолдағы қауіпсіздік деңгейінің жоғарылауына оң әсер етеді.

Өзгелердің жаңалығы