Облыс орталығында «Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бой көтерген үй жертөлесі ағын және кәріз суларына толып, тұрғындарды әбігерге салып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Жылдар бойы кезек күткен тұрғындар жаңа пәтерлеріне бір жыл бұрын кірген. Бірақ қуаныштары су сепкендей басылды. Нысан қолданысқа берілген сәттен соң үйдің жертөлесіне су кіріп, кәріз жүйесінде ақаулар пайда болды. Салдарынан жағымсыз иіс бірнеше қабатқа көтеріліп, тұрғындардан маза қашты.
Өзім – мүмкіндігі шектеулі жанмын. 12 жыл пәтер кезегінде тұрып, мемлекеттік бағдарлама бойынша бір бөлмелі пәтер алдым. Бүгінде ай сайын 50 мың теңге көлемінде ипотека төлеп жатырмын. Жалғыз тұрамын, кәріздегі проблемалар салдарынан үйімдегі жуыну бөлмесі лас әрі сасық суға толып кете берді. Көршілерім уақытында келіп, көмектесті, - дейді тұрғын Хауа Сейітова.
108 пәтерлі үйге қызмет көрсетуші ұйым басшысы Шолпан Тақиянованың айтуынша, жертөле үй сыртынан келетін топырақ суларына толып кете береді. Салдарынан іргетаста саңылаулар пайда болған.
Коммуналдық мәселелер 2022 жылдың тамыз айында басталды. Кәріз, жаңбыр сулары кіріп кете береді. Яғни, сырттан келеді. Кәріз жүйесі дұрыс салынбаған. Шағымдарымыздан соң қалалық әкімдіктің мамандары жүйені жөндеп берді. Жертөлеге жиналған судың биіктігі бір метрден асып кеткен кезде болды. Су жиналған сайын іргетас бұзылып жатыр. Тағы бір мәселе, жылу жүйесіндегі құрал-жабдығының шуылдайтыны. Қатты шу үшінші қабатқа дейін көтеріліп кетеді. Тұрғындар санитарлық-эпидемиологиялық қызметке де шағым түсірді. Сараптама жасалды. Біз жылу сорғыларының алмастырылуын сұрап отырмыз, шусыз құралдар бар, - дейді Шолпан Тақиянова.
Құрал шуының нормадан асқанын Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қызмет басқармасының мамандары растады. Арнайы сынақ нәтижесінде қатты шу бірнеше қабаттағы пәтерлерде сақталатыны анықталды. Мамандар мердігер ұйым өкілдеріне ескерту жасаған. Бірақ құралдар сол беті ауыстырылмады.
Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Битөре Әбдіқалықовтың айтуынша, мердігер ұйым әр шағым бойынша тиісті шараларды қолға алған.
Тұрғындар тарапынан инженерлік желілер бойынша шағымданып жатады. Жауапты ұйым кепілдік міндеттемелері бойынша олқылықтарды жояды. Ал коммуналдық қызмет мамандары кәріз жүйесі мен жертөлені судан тазартуға барып жүреді. Кәріз жүйесі тұрмыстық қалдықтарға толып қалған. Пәтер иелерінің де жауапкершілігі болуы керек. Жылу жүйесінің шулы насостары бойынша айтатын келсек, қызмет көрсетуші ұйым құралдары бұзып, қарау керек. Егер қолданыс кезіндегі қателік болса, онда мердігер ұйымға айтамыз. Олар ескертулерімге құлақ аспаса, сотқа жүгінуге тура келеді, - дейді Битөре Әбліқалықов.
Мердігер ұйымның үйге берген кепілдік мерзімі 2025 жылы аяқталады. Тұрғындар жағдай өзгермесе, бар коммуналдық проблемалар шешілмей қалады деп қорқады. Сондықтан болашақта сараптама жүргізіп, мердігер ұйымды сотқа беруді жоспарлап отыр.