Павлодардағы жарылыс оқдәріден болған

7 Наурыз 2019, 12:24
2298
Бөлісу:
Павлодардағы жарылыс оқдәріден болған
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығындағы Мүткенов 53 мекенжайындағы көппәтерлі үйде болған жарылыстың жай-жапсары белгілі болды. Бүгін өңірдегі полиция департаментінің өкілдері шұғыл тексерістің нәтижелерімен бөлісті.

Еске салсақ, кеше түстен кейін Екінші Павлодар шағын ауданындағы көпқабатты үйдің бірінші қабатында жарылыс болған. Тұрғындар алдымен қатты дыбыс естіген, кейін далаға шыққан. Екі бөлменің сегіз шаршы метрін қызыл жалын жалмап, салдарынан 60 адам сыртқа шығарылды. Олардың 15-і – балалар.

Облыстық жедел медициналық станциясының бас дәрігері Қанадан Ахметжановтың мәліметінше, пәтер ішінде болған 32 жастағы тұрғынның денесінің 50%-ын күйік шалған. Ал пәтер иесі оқиға орнында көз жұмды.
Павлодар облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Юрий Колесниковтың айтуынша, бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 292-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

"Сараптама нәтижесінде пәтер иесі иісті газдан уланып, кейін денесі күйіп кеткен. Куәгерлердің сөзінше, ол жақын маңдағы қоқыс жәшігінен оқдәрі ұнтағының алты қаптамасын тауып алған. Кейін оны танысына әкеліп, сатып жібермекші болған. Біздің пайымдауымызша, олар жарылғыш заттың жарамдылығын тексермекші болған. Кейін ол өнім жарылған және қатты дыбыс шыққан", - дейді Юрий Колесников.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, зардап шеккен және көз жұмған азаматтар әлеуметтік аз қамтылған азаматтар санатына жатады. Ішімдікке бой ұрған. 

"Оқдәрі ұнтағын пәтерге қайтыс болған азаматтың танысы алып келген. Екеуі де бұған дейін істі болғаны анықталды", - дейді полицейлер.

Айта кетейік, оқдәрі ұнтағының жарамдылық мерзімі аяқталған. Мамандардың мәліметінше, әрқайсысының салмағы 200-250 грамм болатын өнімдер кеңестік кезеңде жасалған.
Өзгелердің жаңалығы